417.02 505.51 5.59

Егер сені қарғап-сілеп жатса, сен саясатқа дайынсың!

Мәжілістің жаңа құрамына кірген тұлғаларға қатысты әлеуметтік желідегі пікір әртүрлі: бірін мақтап, бірін даттап жатыр. Желі қолданушылардың  көбі «Нұр Отанның» партиялық тізім бойынша депутат болған Айдос Сарымды «марқұм ұстазы Алтынбек Сәрсенбаевты сатып кеткен» адам ретінде сипаттап, оның бұрынғы «косяктарын» еске алды.

Ұлтшыл патриот Мұхтар Тайжан арнайы пост жазып, «Жаңаөзен оқиғасы кезінде мұнайшыларды айыптап сөз айтып, халыққа сатқындық жасаған  Айдос Сарыммен» ерегесіп қалғанын еске алды. Кейін оны «қателескен шығар» деп, кешір салған. Сөйтсе, Сарым сол оқиғадан сабақ алмапты.

Мұхтар Тайжанның ойынша, 2016 жылы «Жер мәселесі» қоғам талқысына түскенде өздерін ұлтшыл санайтын Сарым мен  Расул Жұмалы үнсіз қалған.  «Жер сатылмасын» деп бірде бір пост жазған жоқсыңдар. Кейін Жер комиссиясының шешіміне жалғыз болып қарсы дауыс бердің. Ол біздің тобымызға нағыз опасыз әрекет болды», деп еске алды Мұхтар Тайжан.

Мұхтар Тайжанның жазуынша, Айдос Сарым «Жаңа Қазақстан», «Қосанов» секілді саяси жобаларды ұйымдастырып, халықтың сенімін ойыншыққа айналдырған. Енді ол «Нұр Отан» партиясына барып қосылды.

«Ұстазың марқұм Алтеке бұл әрекетің үшін саған не дер еді?! ...Бір ғана нәрсеге жаным ашиды. Сен сияқты жалған саясаткерлер халықтың сенімімен ойнап халықтың алтын тарихи уақытын ұрлайды», деді ол.

Оған Айдос Сарым «Айта бер, айта бер. Бұл да жарнама. Рахмет саған. Сен сияқтымен соттасатын жайым жоқ», деп жауап берді.

Есесіне, ақталуға онша құлқы жоқ Айдос Сарым былтыр Елбасыға әр қалада ескерткіш қою идеясын көтерген, қазір  Мәжілістің ең жас (25 жас) депутаты атанған Мәди Ахметовті қорғап жатыр. Ол  Мәди Ахметовпен Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінде бірге жұмыс істепті. Айдос Сарымның ойыншы, Мәди - дұрыс адам, жастардың лидері. Ол «Нұр Отан»  тізіміне жағымпаз сөздері үшін емес, атқарған нақты жұмыстарының арқасында еніпті.

«Мәди, қоғамның сөзіне құлақ аспай-ақ қой. Уильям Уоллас туралы Мел Гибсон түсірген фильмде ұлына билігін тапсырып жатқан корольдің мынадай қанатты сөзі бар: «Егер сені қарғап-сілеп жатса, сен саясатқа дайынсың!», деді Айдос Сарым. 

 

Дала мен қаладағы «қазақтың рухы»

 

Сайлау күні митингіге шыққан жас саясаткер Жанболат Мамайдың тобы мен  «Оян, Қазақстан!» ұйымының жастарын полиция қоршап, құрсауда 7-8 сағат ұстаған. Ал сол күндері Қазақстан туын көтерген салт аттылар қала көшелерін аралап, шеру жасады. «Елімізді, жерімізді қорғаймыз» деп ұрандаған бұл акция Дума депутаттары Никонов пен Федоровтың қазақ жеріне көз алартқан импершіл мәлімдемесіне қарсы әрекет секілді көрінді. Дегенмен, бұл акция әлеуметтік желі қолданушылардың көңілінен шыққан жоқ.

Мысалы, тіркелмеген Демпартия белсендісі Ыоысбек Тоқтасын «Елдің жігіттері Bayraktarын ұшырып аспанда жүр, біздің жігіттер байрағын ұстап атпен жүр» деп мысқылдады.

Журналист Дина Елгезектің ойынша, «асқақтаған» батырлық рухты далада емес, қала алаңында көрсету керек еді.

«Сайлаудың заңсыздығына қаны қарайып, тізе қосқан жастар сайлау күні алаңға шығып, полицейлердің құрсауында 8 сағат бойы қатып отырғанда, әлгі ту ұстап, «қазағым» деп айғайлаған аттылар қайда қалды? Алаңға келгенде айбарымыз өшіп, ақситқан азуымыз түсіп қала ма? Ол сонда қандай рух?», деп жазды ол.

Шымкенттегі  мектеп мұғалімі Өмір Шыныбекұлы атты жорық жасау акциясын жарым-жартылай қолдады. Айтуынша,  онсыз да қазағы қалың оңтүстікте атқа мініп, көк ту ұстап аттандаудың қажеті жоқ. Олардың ісі «тендер ұтып, тәлпіштеніп» жүретін мақтаншақтықты еске салып тұр. Ал Қазақстанның теріскейінде осындай акция өткізіп тұрудың маңызы бар.

 «Қазақстанның қиыр солтүстігі мен шығысында осылай бір өткен жігіттерге тек алғыс айтуымыз керек» деп жазды Өмір Шыныбекұлы.

Ал Фейсбук қолданушы Ақтоты Ердәулет «атқа мініп челендж жасау Ресейді  қорқыту емес, бұл «Нұр Отан» партиясының сайлаудағы жеңісін тойлауды» көрсететін  акция екені айтады.

Комментарии (0)

Ваш адрес электронной почты не будет опубликован. Обязательные поля помечены *



Похожие новости
Наш сайт использует файлы cookie. Узнайте больше об использовании файлов cookie: политика файлов cookie