Галымжан. Газ. Кантар

Немесе газ бағасын облыс әкімінін орынбасары белгілей ала ма?

 

Өлкенің қарапайым тұрғындарына автокөліктерге құйылатын газ туралы, осы газ мәселесі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған ініміз Галымжан Мұқырұлы Ниязовтың бұл іске қандай қатынасы барлығы турасында түсінікті болсын деген ниетпен, «Г. Ниязовты қорғау тобының» басшысы іретінде  сұйытылған мұнай газы (СМГ) туралы, оның айналасындағы мәселелерді шама-шарқыма қарай, қолымда бар құжаттарға сүйене отырып, қарапайым адамға оқып-түсінуге жеңіл болуы үшін, бөліп-бөліп жарияламақшымын.

 

1 бөлім

 

Кешегі еліміз бойынша қанды «қаңтар оқиғасына» себепші болды деп танылған сұйытылған мұнай газының (СМГ) проблемасы қайдан шықты, неліктен бұл газ ұзақ жылдарға созылған шешілмейтін мәселеге айналды деген сұрақ әркімде де бар болар?

 

Бұл шешімі осы күнге дейін табылмай, «гордий түйініне» айналған газ, шикі өнім іретінде жер асты қабаттарынан мұнайға ілесе көтеріледі, ендігі жартысы табиғи газ кенорындарынан келетін газдан әдейі бөлініп алынады.

Күнделікті тұрмыста және автомобилдерге жағармай-отын іретінде пайдаланылады.

 

Алғаш рет Маңғыстауда осы сұйытылған мұнай газы жағармай іретінде АҚ «Өзенмұнайгаз» мекемесінде 1997 жылы өндірістегі 100 шақты автокөлікте отын іретінде пайдаланылды, қорытындысында мекемеде орасан көп қаржы үнемделді, экологиялық ақуал да жақсарды. Осылайша арзан отын- газды пайдалану жолға қойылған еді, бағасы да 5-7-13 теңге араларында болды

Республика бойынша күні бүгін де Маңғыстау автокөліктерге СМГ -ды ең көп пайдаланатын облыс, 2022 жылдың басында мүндағы бүкіл мемлекеттік тіркеуден өткен көліктердің 93 мыңы осы газ отынын пайдаланады екен, сондықтан да болар облыста осы күндері 400 ден аса газ құю станциялары (ГҚС) бар.

 

Өңірді СМГ-мен қамтудағы осы кезге дейін «түсініксіз» болып келген жағдайлар, мысалы, ГҚС -да СМГ көлемінің тұрақты жетпеуі, газ бағасының тоқтаусыз өсуі, газбен қамтудағы үзілістер байыптап қараған адамға оқтын-оқтын халықтың арасында қоғамдық резонанс тудыру үшін, әдейі біреулердің осылай ұйымдастырғандары, ақыры наразылықтарға апарған жағдай деуге де келеді.

 

«Қаңтар оқиғасына» дейін да мұның себептері әлеуметтік-экономикалық қажеттілікте, сұраныс пен тұтынудың жоғарылығында, газ бағасының арзан, қолжетімділігінде деп түсіндіріліп келді.

 

Әрі жергілікті жерден шығатын өнім болғандықтан, басқа өңірлермен және өзге жанар-жағармай түрлерімен салыстырғанда газдың бағасы 2–3 есе арзан болуы әсер еткені анық.

 

Жылдар бойы бұқара халыққа, тұтынушыларға СМГ дайындайтын орын, (1973 жылы жұмысқа қосылған) Қазақ газ өңдеу заводының (ЖШС «ГӨЗ») ақпарларына сай Маңғыстау облысына тәулігіне барлығы 14,5 мың тонна автокөлікке құйылатын газ ғана шығару мүмкіндігі бар делінді..

Бұл көлемге шет елдік ЖШС «Қарақұдық» пен ЖШС «Кенсарыдан» өңдеуге әкелінетін шикізат түріндегі (ШФЛУ) 3 мың тонна (бұдан 2,1 мың тонна отын газы алынады) сұйытылған газ да кіретін.

 

Аталғандарға қосымша, ай сайын Атыраудан (не Ақтөбеден) 3,5 мың тонна дайындалған СМГ тағы алынып отырды.

 

Осындай жолмен, осындай есеппен, ақпармен 2022 жылдың қаңтарына дейін 18–19 мың тоннаға тең деп есептелген Маңғыстау облысының автокөліктерге арналған отын газына деген айлық сұранысы жабылып келді де, біз бұл айтылғандарға имандай сеніп келдік.

 

Қазіргі еліміздің әр жерінде ірі газ өндірушілер мен сатушыларға қатысты жүргізіліп жатырған тергеу амалдары, ақпарат көздері арқылы жалпыға жария болған қылмыстық не әкімшілік істер қозғалғандықтары туралы ақпараттар осы айтылғандарға дәлел.

 

2 бөлім

 

Елімізде сұйытылған газға (СМГ) қатысты барлық мәселелер 2012 жылдың 9 қаңтарында қабылданған «Газ және газбен жабдықтау» туралы Заңмен іреттеліп келеді.

 

2018 жылы 2 мамырда мәжіліс осы аталған Заңға сұйытылған газдың 10-20 процентін электронды сауда алаңдары (ЭСА) арқылы сату туралы өзгерісті енгізген, сол ақыры 2022 жылдың қаңтарында газды сатудың ЭСА-ға толық өтуіне, арты «қаңтар оқиғасына» алып келді.

 

Бұл Заңға өзгеріс енгізулерінің себебін министрлік сол кезде былай деп түсіндірген еді:

 

«көрші облыс, елдерге қарағанда біздегі СМГ бағасы өте төмен, сондықтан заңсыз сыртқа тасу, ұрлық болды, әрі елдегі бөлшек саудадағы газдың бағасы көтерме саудадан көп жоғары. Заводтар халыққа (ішкі рынокқа) газ сатқаннан тәуір пайда таба алмай отыр, 2017 жылы елдің заводтарының осы себептен жоғалтқан пайдаларының мөлшері 40 млрд теңгедей болды. Сонымен төмен бағамен сұйытылған газды ішкі нарыққа беру, өндіру көлемін көбейту заводтар үшін тиімсіз. Елімізде өндірілетін газдың 72 проценті ішкі нарыққа беріледі. Бір сөзбен бағаны көтеру керек, заводтарға дұрыс кіріс кіруі керек, ЭСА осыны қамтамасыз етеді».

 

Сол кезден бастап ЭСА арқылы сатылатын газға энергетика министрлігі бекіткен баға қолданылатын болды, осындай жолмен сату елімізде 2019 жылы басталып, 2022 жылдың (шынында 2021 жыл деп жоспарласа да) басында түгелдей өтіп болды, одан не шыққанын өздерің көріп отырсыңдар!.

(2019 жылғы ақпаннан 2021 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде «ҚазГӨЗ» ЖШС газ көлемін 5%-дан 100%-ға дейін ЭСА арқылы сатты).

ЭСА арқылы СМГ сату тетігі шала, дұрыс ұйымдастырылмаған, яғни әбден пысықталмаған болып шықты, тағы да түсініксіз жері бір мекеме қайта-қайта аукцион жеңімпазы бола берді, бұл ГҚС бар кәсіпкерлер тарапынан наразылық тудырды.

 

Сонымен қатар, кейбір саудаға қатысушылар баға бойынша алыпсатарлық жасады, аукцион жеңімпаздары ЭСА сатып алған газды басқа аймақтарда сатты.

 

Негізгі былықтың ордасы осы ЭСА екені, қызметі ашық емес, сыбайластық көлеңкесі тым қою, жетілмеген жүйе екені айдан анық болды.

Бұны газ сатушы кәсіпкерлер қаншама рет айтып, жазса да тыңдаған, қорытынды шығарған ешкім болған жоқ.

 

Ақыры бұл ЭСА арқылы сату жүйесін өзгерту мүмкін еместігін түсінген кәсіпкерлер, бағаның бөлшек саудадағы бағасына қатысты шектеуді алып тастауды талап етті, осылайша кәсіпкерлік орта, қауым, қоғам болып бұл талапты орындатты да.

 

Маңғыстау облысы әкімдігінен 2021 жылдың қазан айының басында Энергетика министрлігіне осы газ бағасындағы белгіленген жеңілдіктерді (жоғарғы және төменгі шектерін) алып тастау туралы хат жазылып, жоғарғы және төменгі шектеулер алынып тасталды. Баға сол бойда көтеріліп кетті.

 

3 бөлім

 

Осы сұйытылған отын газының төңірегінде де «диірмен айналдыратын жұмсақ жерлері мықты» бір «ұйымдасқан» топ, тағы жымысқы бір саясат бары анық!

 

2021 жылдың ортасынан бастап еліміздегі СМГ бағасының қымбаттауға бет бұрғаны байқалып, баға түрлі манипуляциялардың тетігіне айналып, өсе бастады.

 

Ал энергетика министрлігі «Қазақ ГӨЗ» реконструкциялауға инвестиция керек, ол бәсекелестік бағаға қол жеткізгенде ғана болады деумен болды, олардың сөзін тыңдасақ:

 

«ЭСА-на толық көшкен жағдайда кәсіпкерлер СМГ-ны газ желісі ұйымдарының қатысуынсыз, олардың үстемесін, ЭСА арқылы тікелей зауыттан сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл бәсекелестіктің пайда болуына жол ашады, және кәсіпкерлік белсенділікті күшейтіп, ашықтықты қамтамасыз етеді. Биржалар арқылы түзілетін баға саясатын Ұлттық экономика министрлігі тарапынан бақылауға және реттеуге мүмкіндік туады. Сонда ғана артылған ақшаны газ өңдеу зауытының реконструкциясына жинауға болады», – дейді.

 

Бұл шаралар елдегі баға индексін халықаралық деңгейге сәйкестендіру үшін жасалып отыр. Бүгін газдың көрші елдермен, соның ішінде Кедендік одақпен салыстырғанда, еліміздегі тұтыну бағасы өте арзан болып, еліміз сыртқы нарыққа толық араласып кете алмай отыр.

 

Сондықтан осы мәселеде де халықаралық стандарттарды енгізу біртіндеп жүруде… деген.

 

СМГ сыртқы нарықта үлкен бағаға, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстанда 400-500 доллар арасындағы сатылады.

 

Қазақстанда СМГ - ыны «ТШО» 48%, Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу заводтары 21%, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» 20% өндіреді.

«ҚазГӨЗ» елдегі жалпы өнімнің 6%-ын береді. Қалғандары ұсақ өндірушілер.

Еліміздің ішкі нарықтағы СМГ тұтыну көлемі айына 130 мың тонна, бұдан артылғанын ғана экспорттауға рұқсат берілген.

 

2020 жылы елімізде 3,2 млн тонна газ өндірілген, оның 50% экспортқа шығарылған (басым бөлігі ТШО-дан).

 

4 бөлім

 

Ортада делдал, Газ желілік ұйымы (ГЖҰ) деген пайда болды, бұрын газды зауыттан тіке сатып алатын ГҚС бар кәсіпкерлер енді оны тек қана көтерме бағамен алатын ГЖҰ-нан алуға мәжбүр болды.

 

Сөйтіп, ЭСА-дағы сауданы ұйымдастырудағы шалалықтарды пайдаланып, зауыттан шыққан өнімнің барлығын бірінші болып алып кететін де, оның бағасын жоғары етіп қоюшы да – осы делдал болды.

Осылайша, бұған дейін, Завод пен ГҚС иелері арасында делдалдық қызмет көрсететін ГЖҰ, Министрлік бөлген сұйытылған газды негізінен өздерінің ғана ГҚС (облыстағы жалпы санының 10%-ы) жеткізіп, жеке кәсіпкерлердің көп бөлігін (90% ЖҚС) көзге де ілмеді.

 

Осыған байланысты, ГҚС көбінде газдың жоқтығы себебінен жасанды дүрбелең туындады және бұл жағдай теледидардан бірнеше рет көрсетілген болатын. Бұл жеке кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтіріп, сонымен қатар автокөліктеріне жанармай ретінде сұйытылған газды пайдаланатын тұрғындар арасында әлеуметтік шиеленіс тудырды.

 

Арнайы хаттама жасақталып, ГЖҰ облыс аудандары мен қалаларын қамтамасыз етуге міндеттелді. Бұл аймақтағы ушығып тұрған жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берген бетбұрыс болды.

Ж.Ғ.Қарағаев және Ғ.М.Ниязов қазіргі қызметтеріне келгенге дейін сұйытылған газ көлемі «SK LTD» ЖШС ГЖҰ-ның пайдасына қарай заңсыз тұрғыда бөлініп келгенін анықтап, нәтижесінде серіктестіктің басшылығы сотталды.

 

Энергетика министрлігі алдымен осы салада арнайы шектеулер бекітті, кейін сол шектеулерді өзі алып тастады, ақыры осы әрекеттері қаңтар оқиғаларына себепші болды.

 

Бұл өзгертулер энергетика министрлігінің айтуы бойынша сұйытылған газды сату нарығында әділдікті қамтамасыз ету тиіс екен. Сауда енді толықтай ЭСА арқылы жүрді, ал газды өздеріне сай келетін бағаға көтеріп сатып алушылар алып түрды. Осы бағаның көтерілуінен Жаңаөзендегі газ заводы 2 айда ғана млрд тан аса пайда тапқан, ал салмақ қарапайым халықтың қалтасына түсті.

 

5 бөлім

 

Бағасы, сатылуы бақыланбаған газ:

 

Ал ел бойынша әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуші деп танылған, осы шаруаларға бақылау жасауға міндетті орган Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚжДА) сол кездерде қайда қарап отырған?

 

Осы уақытқа дейін сұйытылған газдың бөлшектік сауда бағасы мемлекет тарапынан реттелмей келді, сондықтан, бұл сегментте нарықтық баға пайдаланылды.

 

Әзірге еліміздегі қаңтармен байланысты соңғы өзгерістерге сәйкес, СМГ-ны ЭСА арқылы сатуға толықтай ауысу бір жылға кейін шегерілді.

Үкімет еліміздің барлық өңірлерінде газдың шекті бағасын 180 күнге дейін бекітті

 

Қаңтар оқиғаларынан кейін БҚжДА да бағаны 180 күн мерзімге уақытша мемлекеттік реттеуді енгізді.

 

Коррупцияға қарсы күрес агенттігі БҚжДА лауазымды тұлғаларының үстінен тексеру жүргізуде.

 

Тағы бір айтуға тұрарлық мәселе , ол СМГ бағасының күрт өсуіне жол бермеу мақсатында, Энергетика министрлігі (2025 жылы ЕАЭО Ортақ нарығы іске қосылғанға дейін) бірнеше жыл ішінде СМГ саудасына кезең-кезеңімен көшуді көздейтін заң жобасын әзірлеген болатын.

Алайда, бұл ұсыныстар БҚжДА тарапынан қолдау таппады, нәтижесінде бұл Заңның соңғы редакциясында СМГ нарықтық механизмдерді қолдану арқылы ЭСА - да сатуға толық көшуге бір жыл ғана уақыт берілді (2021), сүйтіп бұл жағдай СМГ бағасының өсуінің негізгі себептерінің бірі болды.

 

6 бөлім

 

2019 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінде сол кездегі облыс әкімінің орынбасары А.Краубаев пен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Газ департаментінің директоры З. Қияқбаевтың қатысуымен өткен жиында СМГ бағасын ұстап тұру мәселелері талқыланды.

 

Нәтижесінде ЭСА арқылы сатылатын СМГ-ына бағаның жоғарғы және төменгі шекті бағаларын белгілеу туралы Энергетика министрлігі мен «КазГӨЗ» ЖШС арасында Меморандумға қол қою туралы келісімге қол жеткізілді (осы отырыстың Хаттамасы әкімдікте болуы тиіс).

 

Соңында 2020 жылға арналған атаулы Меморандумға қол қойылды.

2020 жылдың соңында 2021 жылға арналған дәл осындай Меморандум жобасын Энергетика министрлігі зауыттарға қол қоюға жіберген.

 

Аталған жобаға «КазГӨЗ» ЖШС қол қойып, ал Министрлік қол қоймаған.

 

Министрліктің жауабына сәйкес, бәсекелестікке қарсы әрекеттерге байланысты ЭСА мен Бәсекені қорғау және дамыту агенттігіне тиісті хаттар жолданып, аталмыш мәселелер бойынша кездесулер де өткізілген.

Бұдан кейін, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Г.М.Ниязов Энергетика министрлігіне қазан айының басында Меморандум негізінде заңды күші жоқ деп танылған баға шегін алып тастау туралы хат жолдап, оны Энергетика вице-министрі Ж.Г.Карагаев жазбаша түрде қолдаған.

 

Сонымен, СМГ-ның ЭСА арқылы саудасы Министрлік бекіткен Ереженің 36-тармағына және Заң талаптарына сәйкес қалыптаса бастады.

Бұл шешім сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, боттарды пайдалануға жол бермеуге және субъектілерге әділ бәсекелестік қағидасының негізінде сауда алаңдарында газды сатып алу үшін бірдей қатысуға мүмкіндік беруі тиіс болатын.

 

2021 жылғы 21 наурызда ҚР Президенті әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Энергетика вице министрі Ж.Г.Қарағаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әкімдігінде сұйытылған мұнай газының тапшылығын және әлеуметтік наразылықтарды болдырмау мақсатында газ нарығының барлық субъектілері өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті.

 

Алқалы жиынның қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды және осы дұрыс шешімдердің арқасында Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ нарығында тәртіп орнады.

 

7 бөлім

 

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті осы газға қатынасты сұрақтарды БҚжДА өкілдеріне қоюдың орнына, Энергетика вице-министрі Ж.Ғ.Қарағаев пен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.М.Ниязовты қамауға алды.

 

Бұл жерде Облыс әкімі орынбасары жергілікті кәсіпкерлердің өтінішін Энергетика министрлігіне жеткізгені үшін, ал Энергетика вице министрін, сауда-саттықты Заң талаптарына сай ЭСА өткізгені үшін айыптағалы отырғаны аян.

 

Ғ.М.Ниязов 2020 жылдың маусым айынан бастап облыс әкімінің орынбасары, ал қараша айынан бастап қосымша СМГ деген жиынтық сұранысты қалыптастыру комиссиясының төрағасы болған еді.

 

Әкімдіктер «Жергілікті атқарушы органдар туралы Заңның» 7 бап, 5 тармағы, 1-3 тармақшасы бойынша СМГ жеткізуге сұраныстарды жинақтаушы комиссия құрады.

 

(ҚР СМГ-мен ішкі нарықты қамту жоспарын қамтамасыз ету туралы № 68-ші 22.10.2014 жылғы Ереже)

 

Аталған комиссия ГЖҰ-ның «Энергетика және тұрғынүй - коммуналдық басқармасына» берген сұраныстарын қарайды.

 

Бірақ газ көлемін бөлудің өзіндік талап, ережелері министрлік тарапынан бекітілген арнайы алгоритм бойынша ғана іске асады.

 

Комиссияға облыстық мәслихаттың депутаттары, «Атамекен» ҰКП өкілдері, облыстың қоғам қайраткерлері кіреді.

 

Комиссия облыстағы ГЖҰ-ның өтініштерін қарап, жинақтап, бекіту үшін Энергетика министрлігіне жібереді. Ал ГЖҰ тұтынушыларға газ сатумен айналысатын ГҚС-мен келісім-шарттар жасайды.

 

Жергілікті атқарушы орган, оның ішінде аталған комиссия газ саудасына, баға белгілеуге және ЭСА жұмыстарына ешқандай ықпал ете алмайды.

 

8 бөлім

 

Әлеуметтік газ көлемін бөлу комиссиясы туралы:

 

Түрлі деңгейлердегі қызметтерде жұмыс жасайтын, әріптестері арасында бедел мен құрметке ие азаматтардан тұратын облыстық арнайы комиссия газдың көлеміне қатысты барлық мәселелерді ақылдаса шешіп отырды.

 

Комиссия алқалы түрде, ашық, заңды, негізде және тек қана аймақ мүддесін көздейтін шешімдер қабылдады деп айтуға келеді

 

Комиссия құрамы:

 

Ниязов Ғалымжан Мұқырұлы – комиссия төрағасы, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.

 

Қартбаев Бердібек Кенжебекұлы – комиссия төрағасының орынбасары, «Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» Мемлекеттік мекемесінің басшысы.

 

Тоғжанов Орынбасар Абдиевич – комиссия мүшесі, Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің алқа мүшесі.

 

Аят Сүгірбай – комиссия мүшесі, облыстық маслихаттың депутаты.

 

Аққу Тұрашқызы Айтжанова – комиссия мүшесі, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Басқарма

төрағасының орынбасары.

 

Трифонов Владислав Вячеславович – комиссия мүшесі, Республикалық қоғамдық бірлестік «Ұлттық медиаторлар палатасының» Маңғыстау облысындағы өкілдігінің басшысы, Президент Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының комиссия мүшесі.

 

Юрин Александр Викторович – комиссия мүшесі, Маңғыстау облысы бойынша «1 ші Қазақстандық жағармай-отын ассоциациясы» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер бірлестігінің ассоциация түріндегі Бірлестігінің өкілі.

Комментарии (0)

Ваш адрес электронной почты не будет опубликован. Обязательные поля помечены *



Похожие новости

Новости партнеров

Подпишитесь на нас, чтобы получать интересные новости!

Наш сайт использует файлы cookie. Узнайте больше об использовании файлов cookie: политика файлов cookie