АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?

Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?

8.03.2025, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Spik.kz посвятил несколько публикаций обсуждению интервью, которое известный писатель Толен Абдик дал газете ««Егемен Қазақстан» и вызвало интерес в том числе у президента страны. В частности, своим мнением по этому поводу поделился историк, кандидат философских наук Сейткасым Ауелбеков. Поскольку сказанное им обращено, главным образом, к представителям государствообразующего этноса, мы решили дать его статью в казахскоязычной версии.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?

Өткен айда белгілі жазушы Төлен аға Әбдіктің «Егемен Қазақстан» гәзітіне берген сұқпаты жарияланды. Сол сұқпат барасында әдебиет пен қоғам дамуының бірқатар мәселелері көтерліп еді. Соған байланысты өз пікіріммен бөлісуді жөн көрдім.

Әдебиет саласы, ауызша және жазбаша деп, екіге бөлінеді. Осыны білсек те, әрқайсысына тән интеллектуалдық процесін біле бермейміз. Бірақ, Төлен аға көтеріп отырған мәселелер мен мен айтпақ аргументтердің мәнін түсіну үшін, осы екі процестің айырмашылығын жақсы білу қажет.

Жазба әдебиетіне тән интеллектуалдық процесті былайша түіндіріге болады. Мысалы, айтылған сұқпатқа пікір жазу барысында, менің көз алдымда оның жазба тексті жатты. Сол текстті мұқият оқып, жазушы ойын анық, дұрыс түсінген соң ғана, сараптау жұмысына кірісіп, өз пікірімді жаздым. Демек, жазылған тұжырым объективті, шынтуайтты болу үшін, автордың ойын дұрыс түсіну – бірінші шарт.

Ал, пікір айту – басқаның сөзін қайталау немесе оны орынсыз мақтау емес, туындыларының бұрын ашылмаған тұсын оқушы қауымына жеткізу. Сол шарт орындалған кезде ғана, айтылған ойды авторлық пікір деп атайды. Демек, жазба әдебиетіне тән интеллектуалдық процестің сипатын жинақтай отырып, оны оппоненттің пікірімен жазбалы түрде танысу, оны сұрыптау және сол негізде объективті тұжырым жасау десек, жалпы мәнін дұрыс түсінгеніміз.

Ал, ауыз әдебиетінің интеллектуалдық процесінің мазмұны мен баяны тіпті бөлек. Мұндағы басты мақсат – мәдени мирасты есте сақтап, оны келесі буынға жеткізу. Есте сақтау ыңғайлы болу үшін, ақын мен жырау туындылары поэзия түрінде жетсе, уақыт эррозиясы мен «бөтеннің» теріс ықпалынан сақтау үшін, оларға қасиетті сипаты берілген. Енді осыған келейік.

Адам баласының есте сақтау қабілеті шексіз емес. Сол себепті, ақын мен жырау туындылары өлең сөз түрінде жеткен. Өлең сөзді жаттау – оңай. Ол туындыларда мәдени мирастың өзекті, «қазақты қазақ ететін» дейік, құндылықтары мен іс-әрекеттік үлгілері дидактикалық сипатта, қарапайым сентенциялар түрінде бізге жетіп отыр. Жақсы мен жаман, көп пен аз, өз бен өзге, хан мен қара сияқты дуалистік қарама-қарсы қою негізінде айтылатын термелер мен жырлар жинағы – осы сөзіміздің куәсі. Ақын Абайдың «Бес нәрсеге асық бол. Бес нәрседен қашық бол» дейтін өлеңін де осы дәстүрдің жалғасы деп атауымызға болады. «Жазбалы мәдениеттің» ой жүйелеу дәстүріне оғаштау, методологиялық редукционизм сияқты болып көрінетін бұл амал, ақын Абай мен қазақ ауыз әдебиетінің дәстүріне жат емес.

Сонымен, қысқаша айтсақ, ауыз әдебиетінің интеллектуалдық жолын былайша топтауға болады. Ол әдебиет дәстүрі авторлық, түпнұсқалы ой айтудың орнына қайталау амалын қолданады; болмысты ғылыми-объективті тәсілдер жолымен танудың орнына, поэтикалық, мистикалық әдістермен көркемдейді; әдеби мирасқа сын көзбен қараудың орнына, оған қасиеттілік сипат беріп, сын мен шыннан биік қояды десек, шындық шеңберінен шықпаймыз. Бұл анықтамамен келіспеушілер табылар. Сол жағдайда, қажетті жіктеуін береміз.

Екінші айтатын кіріспе сөзіміз қоғамдық құрылым мен халық сенімінің әдебиет формасына сәйкес келуі жайында. Әр қоғам өз әлеуметтік құрылысы мен сол негізде қалыптасып шыққан құндылықтар мен сінімдер жүйесін қорғап, оларды дәріптейді. Демек, қазақ рулы қоғамының әдебиеті гуманизм мен жылпыадамзаттық құндылықтарды қадірлеп, бойына сіңіре алмайды. Бұл сөзімізге төменіректе ораламыз. Қазірше, ономастикалық бір мысалы келтірмекпіз. Еліміздің кез-келген қаласында барсаңыз, белгілі большевиктің атымен аталған бір көшені, оның «таптық жауы», Алаш көсемінің атындағы, екінші көше кесіп жатады. Логика тұрғысынан сандырақ сияқты көрінетін бұл болмыстың, дегенмен, дүниетанымдық, моралдық негізі бар. Себебі, әр көсемнің артында оның рулы елі, сол елдің намысы, шыны мен сыны тұр. Сол жұрттың «намысын жыртқан» бүгінгі жас ақын-жазушылар жүр. Демек, әдебиетіміздің түпкі мәселесі эрудиция мен ой инерциясында жатпаса керек. Біздіңше, бұш тоқыраудың тамыры қоғам қойнауында жатыр. Осы жорамалдың өтірік-шынына жету үшін, жазушы ағамыздың сұқпатына оралайық.

* * *
Қазақ әдебиетінің болашағы туралы сұрақ қойылғанда, дарынды мен дарынсыз топтың арасы «оқ бойы озық» болмады деп, олардың интеллектуалдық шамасын, Төлен аға, «тобырлық деңгеймен» теңеді. Өлең жазудың техникасын меңгергенмен, білімі төмен. Басқа жұрттың ақыны мен жазушысының туындысымен таныс емес. Оны керек те етпейді, деді.

Сонымен қатар, дін мен діни сенімнің қоғамдық мораль мен рухани дамына дара ие еместігі жайындағы сөзі, атүсті айтылса да, есімде қалды. Нағыз ұстаздан күткен сөз. Тұлғалық ұстамдылығы пен рухани байсалдылығы бойына біте қоймаған біздей жұрт үшін – ауадай қажет ақыл.

Осы пікірмен толық келісе отырып, оның жалпықоғамдық маңызын да айтқым келеді. Мысалы, ұқсас жайлар әлеуметтік ғылымдар жүйесінде де берік орнықты. Тарих, философия ғылымдарының докторы, профессоры немесе академигі болып жүрген талай жұрттың білімдік сапасы да, Төлен аға айтқандай, тобырлық деңгейде. Сол білімсіздікті жасыру үшін, кітаптарының мазмұнын әдейі, қасақана дерсің, күрделендіріп, оқушы қауым түсінбестей етіп, шығарып жатады. Мұндай алдамшы әдістің бір үлгісін сынап, жаздым да .

Дегенмен, ағамыздың ойымен толық келісе алмаймын. Білім төмендігін «кеңестік дәуірде бойға сіңген көне түсініктерден», дейді Төлен аға, солардан «арыла алмай жүр» жас буын. Бірақ, шынана келсек, осылай ма? Мысалы, қазақ тілінің статусын мемлекеттік дәрежеге көтеру барысында жасалған қателіктерді неге айтпасқа? Сол саясаттың нәтижесінде, орыс тілді қазақ интеллигенциясы әлеуметтік-саяси, мәдени және әдебиет процестерінен шеттетіліп, интеллектуалдық және медиалық арбаның бесінші дөңгелегіне айналды емес пе? 1990-шы жылдары қалыптасқан жағдайды еске алсақ, сыншыл да шыншыл топ сол, орыстілді қазақ оқығандары, емес пе еді?

Екіншіден, «саяси егемендік» ұранын жамылып, ғылым мен білімді де «егеменді» етеміз, «евроцентризмнен» құтқарамыз деп, «қазақ философиясы» деген «ғылымды» ойдан тауып, оны жоғарғы оқу орындарына ғылыми пән ретінде таңу да сол жылдары басталды. Осы сияқты ғылым мен білімнің, мәдениет пен әдебиеттің тұрпайылану процесін зерттемей тұрып, өткенге сілтей беру шындықпен үйлесе ме?

Ақын мен жырау өнеріне, ғылыми-объективтілік әдіс жат, дедік. Демек, егер ақынның бірі «екіде екі – бес» десе, ол сөз қате болмайды, себебі ақын мақсаты рационалдық ой жүйелеу емес, ойдағысын көркемдеп, тыңдаушысына жеткізу. Осыдан да болар, ақыны – көп, ақылшысы жоқ ел болып отырғанымыз. Көп жұрттың әлеуметтік-саяси инфантилизмі мен сөзге ергіштігінің интеллектуалдық негізі де осы «ақындық» мирасынан шығып отыр.

Олардың туындысында жиі кездесетін «қорланғыш, жәбірленгіш, өпкелегіштіктің» тамырын «көне танымдардан» көреді. Кеңес заманында «кем саналдық», - дейді Төлен ағамыз, - сондықтан «қожайынға өкпелеу табиғи құбылыс секілді болатын». Енді, халқымыз мемлекет құрушы ұлт болған шақта, психологияны өзгерту керек. Сөйтіп, халқымыздың өн бойындағы кемшілігін сынға салатын уақыт жетті. Ақын мен жазушы қауымның зейіні де осы бағытта болуы қажет.

Иә, ақыл тыңдауға дайынбыз. Бірақ, мәселе жайы, шынында да осы ма?

Ауыз әдебиетінің бізге жеткен беттерін ашсақ, сыншыл да шыншыл сөз таппаймыз. Осы сөзіме қарсы жұрт, әдетте, Бұхардың – Абылайға, Махамбеттің – Жәңгірге, Сырымның Нұралы ханға айтқан өлеңдерін дәлел етіп жатады. Бірақ, сол мирастың мән-мазмұнына социологиялық тұрғыдан қарасақ, оның рулы қоғамнан шыққан әлеуметтік тегін оңай көруге болады. Мысалы, Бұхар айтса, қалың ел Арғынға; Махамбет айтса, он екі ата Байұлына; Сырым айтса, Алшын-Байбақтыға арқа сүйеп айтады. Сондықтан, бұл өлең сөздердің дара, универсалды сипаттағы шындық принцибіне ешбір қатысы жоқ.

«Шөже ақынның Бәйтікті мақтағаны», Шөженің «Бәйтікті жамандағаны» дейтін өлеңдер бар. Бірақ, Бәйтікті бірде мақтап, бірде даттаған Шөжені «жағымпаз» немесе «алаяқ» деуге болмайды, себебі халқымыздың «ақын өнері» деп білген қағидасының өзі – солай. Ақын айтса, шын мен сын емес, мін айтады. Оған «мін айттың» деп өкпелеуге де болмайды. Осымен айтарымыз – қоғам мен қоғамның құндылықтары өзгермей, шеттен келген идеялар бойға сіңбейді. Ұлтымыздың статусы «мемлекет құрушы» аталыныпты деп, гуманист бола қоямыз деу – қиялшылдық.

«Жылауық» әдебиетке қатысты бір сөз қосар едім. Оның себебін кеңес заманындағы «еріксіздіктен» деп түсіндіреді, жазушы аға. Бірақ, «Зар заман» ақын-жырауларының аузынан жылауық та, өкпелегіш те өлең естуге болады. Оның себебі саяси немесе психологиялық факторларда емес, оларға тән дүниетанымдық көзқараста. Өз заманының күрт өзгерісінің табиғатын түсінбеген олар, оның сырын «зарлаумен» шешкендей болды.

Ағамыз айтқан «аттан ұлтшылдық», өзгені төзбеушілік, «қан тазалығы» мен «батыршыл» әдеттер де сол білімсіздіктен туады. Ал, дүмшеліктің қарсы ұшы тұрақсыз мінез екені белгілі. Шәкен аға Аймановтың «Алдар Көсесінде» бір ғажап монолог бар: «Жыла десе, жылаған; күл десе, күлген» жұртым-ай дейтін. Сол мінезден туып отырған елпілдек сөздер ғой...

Ұстаз ретінде, Төлен аға, қазіргі жастардың әділ, шыншыл, өзгені өздей құрметтеуін қалайды. Осы этикалық принциптерді жастардың моралдық кодексіне айналса дейді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, қоғам өз дүниетанымының шегінен шыға алмайды. «Жалпыадамзат құндылықтары» деген сөйлемше 1980-ші жылдарның соңында пайда болды. Ол туралы жазушы Шыңғыс Айтматов көп айтты, жазды да. Бірақ, содан бері қырық жыл өтсе де, Орта Азия халықтарының бірде-бірі адам мен оның адамдық қасиетін құрметтейтін қоғам құра алған жоқ. Керісінше, азаматтық соғыс пен руаралық қырқыс, билеуші таптың моралдық азғындығын басынан кешіріп отыр. Демек, келелі идеяны декларациялау – бір басқа да, оны мәдени жолмен игеру – бір басқа.

Қорыта айтарымыз, құрметті ағаның сөзіне қосылып, ойларының жалпықоғамдық маңызы бар деп санаймыз. Келісе алмайтын тұстарын да айттық. Дұрыс па, бұрыс па, оны уақыт көрсетер. Сондықтан, сол мәселелерге қатысты өз ойымды былайша жинақтамақпын.
Біріншідан, білімсіздікпен күресу оңай емес. Отыз жыл ішінде жалған ғылымдармен қатар, оларды негіздеуші, жалған ғалымдар пайда болды. Олар өз бұрысын мойындай қоймайды.

Екіншіден, білімсіздіктің объективті, тарихи негізі бар. Соңғы жүз жыл ішінде Батыс елдерінің этнолог, антрополог, философ, педагог, әдебиетшілерінің кітаптары орыс, қазақ тілдеріне аударылған жоқ. Сол себепті, біздің ғалымдар мен оқушы қауым ол еңбектердің мазмұнымен таныс емес. Бұл – түбегейлі мәселе.

Оны шешу үшін, аталған еңбектерді қазақ тіліне аудару қажет. Әйтпесе, қоғамдық және мәдени болмыстарға идеологиялық, саяси, психологиялық сипаттар теліне береді. Аударым болғанда, «Мәдени мұра» бағдарламасындай көзбояушылық әдіспен емес, нағыз ғылыми аударым тәсілімен іске асыру қажет. Олай дейтінім – жиырма жыл өтсе де, сол бағдарлама бойынша басылған батыс философтарының еңбектерін қолға алсаңыз, әлі де ашылмаған беттерін табасыз. Демек, олардың мәні мен мазмұны қазақ оқырманына түсініксіз. Қалай және не үшін оқу керек екендігін білмейді.

Осы қателіктерді жою үшін, әрбір аударылған мақала мен кітапты білікті кіріспе сөзі мен методикалық көмекші құралдарымен жабдықталу қажет. «Мәденимұрашылап», бес-алты беттік алдамшы «кіріспе» емес, байыппен жасалған ғылыми атрибуттармен қамтамасыз ету керек. Бұл – өте қиын жұмыс. Бірде, француз тілінде шыққан, грек философы Эпикурдің еңбегіне методикалық талдау жасаған бір кітапты қазақ тіліне аударғым келді. Өте жақсы жазылған екен. Бірақ, екі бетін аударамын дегенше, бес беттік түсіндірме сөз жазуға тура келді. Неге? Себебі, қазақ тілінің философиялық лексикасы ұғымдастырылмаған, концепттеу процесінен өтпеген. Нәтижесінде, тиянақты мән-мазмұнға ие болмаған. Ал, тиянақсыз сөз негізінде өз болмысымыздың табиғатын тану мүмкін емес. Ақын мен жазушы, тарихшы мен философ еңбектерінің эпостық-аңыздық сипатта болуының себебі де – осыдан.

Сол себепті, аталған кезеңнің жұмысын баянды бітіру қажет. Әсіресе, әдебиет саласының дауы үшін, дер едім. Себебі, осы жұмыстардан жақсы нәтиже шыққанда ғана, қазақ әдебиеті, өзінің қазіргі «ауыз әдебиеті» сипатынан арылып, жазба әдебиеті жолына, органикалық, теориялық-тәсілнамалық әдістерімен көшер еді. Бүгінгі симбиоздық, «сырты – жазбаша, іші –ауызша» сипатынан құтылар еді.

Қысқасын айтсақ: бір-екі буынның айқайымен бітетін шаруа емес бұл. Бірнеше ғылыми-зерттеулік кезеңдерден тұратын жұмыс. Оны іске асыру үшін, шет тілін қазақ тіліндей жықсы білетін, жас мамандар қажет. Батыс ғылыми әдебиетін аударып, кіріспелік бөлімі мен сапалы сілтемелік жүйесін қамтамасыз ететін де солар болуы тиіс. Ол істің барасын ғылыми жиындар үстінде саралап, кемшілігін толықтырып отыру қажет. Осының бірі де бүгінгі күні істелмеген тірлік.

Дегенмен, ғылымның даму барысындағы өз орнымызды білудің өзі – үлкен нәтиже. Соны мойындап, алдағы мақсатты байыппен, этаптық жолымен шешуіміз қажет. Ақын айтпақшы, «арманның асқарына құлаш ұрғанмен», нәтиже шықпайды.

Похожие статьи

Почему президент РК публично поддержал народного писателя?
29.01.2025, автор Бауыржан Маханов.
Казахские писатели и другие зиялы қауым хоть на что-то влияют? И как?
17.02.2025, автор Сауле Исабаева.
Современна ли современная казахская литература, и что она культивирует?
13.02.2025, автор Сауле Исабаева.
Что должно быть в приоритете – знание казахского языка или профессионализм?
5.07.2024, автор Сауле Исабаева.
Светит ли казахским писателям Нобелевская премия?
31.07.2024, автор Бауыржан Маханов.
SPIK.KZ » Взгляд » Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?