АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

4 күндік қақтығыстың мәні: Таиланд пен Камбоджа келіссөзге келісті

4 күндік қақтығыстың мәні: Таиланд пен Камбоджа келіссөзге келісті

Вчера, 17:46, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Ардақ Құлтай, журналист

Өткен аптада тұтанған қақтығысты тоқтату үшін Таиланд пен Камбоджа дүйсенбі күні Малайзияда келіссөз бастауды мақұлдады. 24 шілдеде шекарада әскери әрекеттер басталғалы бері кемінде 33 сарбаз бен бейбіт тұрғын қаза тауып, мыңдаған тай мен камбоджалық азаматтар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп екі елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, атысты дереу тоқтатуға шақырды. Жексенбіде Таиланд уақытша премьер-министр Пхумтам Вечаячай бастаған делегация келіссөздерге қатысатынын мәлімдеді.
Тай үкіметінің хабарлауынша, Малайзия Камбоджа премьер-министрі Хун Манет те келіссөзге қатысатынын растаған.

Трамптың рөлі

Шотландиядағы гольф алаңына жеке сапарын бастаған Трамп өзінің Truth Social желісінде екі ел «жедел кездесіп, атысты тоқтату мен бейбітшілік орнату бойынша келісімге келетінін» жазды.

Екі мемлекет Трампқа алаңдаушылығы мен күш салғаны үшін алғыс білдірді, дегенмен жексенбіге қараған түні атыс жалғасқан. Камбоджа атысты тоқтату талабын қабылдады, ал Таиланд екіжақты диалогтың маңызын атап өтті.

Камбоджа атысты тоқтатуды алғаш ұсынған. Оның қарулы күштері Таиландпен салыстырғанда әлсіз, артиллериялық соққылар мен әуе шабуылдарының салдарынан позициялар мен техникадан айырылып жатыр.

«Мен [Трампқа] Камбоджа екі елдің әскери күштері арасында атысты дереу және сөзсіз тоқтатуға келіскенін ашық айттым», — деді Манет телефон әңгімесінен кейін. Ол Трамптың арағайындығы «көптеген сарбаздар мен бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалуға көмектесетінін» айтты.

Таиланд болса атысты тоқтату мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдіріп, Камбоджамен ашық диалог орнату керек деген бұрынғы талабын қайталады.

Вечаячай «президент Трампқа алаңдаушылығы үшін алғыс айтып, Таиланд атысты тоқтатуға қағидатты түрде келісетінін білдірді. Бірақ Таиланд Камбоджаның шынайы ниетін көргісі келеді», — делінген Таиланд Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Сауда және тарифтер

Трамп Камбоджа және Таиландпен сауда келіссөздерін қайта бастауға үміт білдірді, бірақ атыс тоқтамайынша, мұндай келіссөздердің мәні жоқ екенін айтты.

Ол бұл іске АҚШ-тың Камбоджа мен Таиландтан келетін тауарларға тариф енгізерден бір апта бұрын араласты. 1 тамыздан бастап америкалық компаниялар бұл елдерден тауар импорттаса, 36 пайыз салық төлеуі тиіс. Егер жаңа келісімге дейін келіссөздер аяқталмаса, бұл күшіне енеді.

Трамптың бұл іске қалай араласқаны белгісіз. Себебі бұған дейін Таиландтың Сыртқы істер министрі Марис Сангиампонгса: «Қазір бізге үшінші тараптың делдалдығы қажет емес деп ойлаймын», — деген болатын.

Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим бұған дейін Таиланд пен Камбоджа арасындағы келіссөзге көмектесуге дайын екенін білдірген.
Сенбі күні Камбоджа Таиландпен атысты «шұғыл» түрде тоқтатып, дауды бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Шотландиядағы Trump Turnberry гольф клубында ойнағаннан кейін Трамп Камбоджа мен Таиланд премьер-министрлерімен сөйлескенін айтты.

«Бейбітшілік орнап, бәрі аяқталған соң, мен екі елмен де сауда келісімшарттарын жасауға асығамын!» — деп жазды ол.

Қақтығыстың себебі

Таиланд пен Камбоджа атысты кім бастағаны жөнінде бір-бірін айыптап отыр.

Таиланд армиясы Та Моан Тхом ғибадатханасы маңында атысты камбоджалық әскерилер бастағанын мәлімдеді. Алайда Камбоджаның Қорғаныс министрлігі сарбаздар өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет етіп, Таиланд тарапынан оқ атылған соң жауап бергенін айтады.

Камбоджа Таиландты ауыр қару қолданды және өз аумағына әуе шабуыл жасады деп айыптады. Ел билігі Таиландтың әрекетін «қатігез әрі заңсыз агрессия», сондай-ақ «БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын өрескел бұзу» деп атады.

Таиланд билігі шекара маңындағы әскери нысандарға алты F-16 жойғыш ұшағы соққы жасағанын ресми түрде растады.
Камбоджа Қорғаныс министрлігі әуе соққылары тек әскери нысандарға емес, сонымен қатар жолдарға да бағытталғанын айтты — екі бомба тас жолға тасталған.

Сонымен қатар Бангкок Камбоджа армиясын азаматтық нысандарға, оның ішінде ауруханаларға оқ атты деп айыптады.
Бейсенбі күні таңертең Таиланд Камбоджамен шекараны жауып тастағанын хабарлады. Елдің Пномпеньдегі елшілігі өз азаматтарына Камбоджадан кетуге кеңес беріп, елге баруды жоспарлағандарға сапарларын кейінге шегеруді ұсынды.

Даулы аймақтар тарихы

Бангкок пен Пномпень Прэахвихеа мен Та Моан Тхом храм кешендерінің аумағына байланысты дауласып келе жатқанына жүз жылдан асты.

Шекара негізінен XIX ғасырдың екінші жартысында Камбоджа Француз Индокитайының құрамына енгенде белгіленген.

1962 жылы БҰҰ Халықаралық соты Прэахвихеа Камбоджаға тиесілі деп шешім шығарғанымен, шекарадағы қақтығыстар тоқтаған жоқ.
2008 жылы Пномпень XI ғасырдағы даулы храмды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны ретінде тіркемек болған. Бұл жағдай шиеленісті ушықтырып, кейінгі жылдары екі тараптан да жеті адам (бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлер) қаза тапқан.
2025 жылдың мамырында Камбоджа сарбазының өлімінен кейін екі ел арасындағы шиеленіс қайта күшейген.

Енді не болады?

Таиландтың уақытша премьер-министрі Пхумтам Вечаячай Камбоджамен арадағы қақтығыс — өте нәзік мәселе екенін атап өтіп, оған халықаралық құқық аясында әрі сақтықпен қарау қажет екенін айтты.

Камбоджа премьер-министрі Хун Манет Пномпеньнің қақтығысты бейбіт жолмен шешуді қалайтынын жеткізді.

«Камбоджа әрдайым мәселелерді бейбіт жолмен шешу ұстанымын ұстанып келді, бірақ бұл жағдайда бізде басқа амал жоқ — қарулы агрессияға қарулы күшпен жауап беруге мәжбүрміз», — деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Мұндай қақтығыстар бұған дейін де болған. Әдетте, олар тез деэскалациямен аяқталатын.

Похожие статьи

Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
«Дело Бишимбаева»: нельзя, чтобы эмоции и общественное мнение повлияли на приговор
9.04.2024, автор Сауле Исабаева.
Светит ли казахским писателям Нобелевская премия?
31.07.2024, автор Бауыржан Маханов.
Кто и за чей счет внедряет в Казахстане «демократические ценности»
1.02.2024, автор Гульнар Муканова.
Трамп в ударе. Как первые решения новой администрации отразятся на Казахстане?
23.01.2025, автор Виктор Долгов.
SPIK.KZ » Выбор редакции » 4 күндік қақтығыстың мәні: Таиланд пен Камбоджа келіссөзге келісті