АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Трамп Үндістанды Ресеймен сауда үшін қыспаққа алғысы келді, бірақ...

Трамп Үндістанды Ресеймен сауда үшін қыспаққа алғысы келді, бірақ...

6.08.2025, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Ардақ Құлтай, журналист

Трамп Үндістанға ресейлік мұнайды сатып алғаны үшін жаңа тарифтермен қорқытты. Үндістанның Сыртқы істер министрлігі жауап берді: АҚШ пен ЕО өздері де Ресейден тыңайтқыштар, уран және металдар сатып алып отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Үндістанға импорттық баж салығын едәуір көтеретінін мәлімдеді — себебі Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды жалғастырып қана қоймай, одан бизнес жасап отыр-мыс.

«Үндістан Ресейден өте көп көлемде мұнай сатып алып қана қоймай, оның көп бөлігін ашық нарықта мол пайдамен қайта сатады. Олар үшін Ресейдің соғыс машинасынан Украинада қанша адам қаза тауып жатқаны маңызды емес», — деп жазды Трамп.

Ол 1 тамыздан бастап үнді тауарларына 25% тариф енгізуге уәде берді. Бұдан бөлек, Трамп Ресей Украинамен бейбіт келісімге келмесе, 8 тамызға дейін ресейлік мұнайды сатып алатын елдерге АҚШ-қа экспортқа 100% баж салығын салатынын ескертті.

«Оларда барлық елдердің ішіндегі ең жоғары тариф. Бізде Үндістанмен сауда айналымы өте аз, себебі олардың тарифтері тым жоғары. Жалпы алғанда, Үндістан онша жақсы сауда серіктесі емес: олар бізбен белсенді түрде сауда жасайды, ал біз оларға көп сауда жасамаймыз. Біз 25% мөлшерінде келіскенбіз, бірақ мен оны келесі 24 сағат ішінде айтарлықтай көтеремін деп ойлаймын, себебі олар ресейлік мұнай сатып алып жатыр. Олар Ресейдің әскери машинасын қолдап отыр, егер олар мұны жалғастыра берсе, мен риза болмаймын», — деді АҚШ президенті CNBS телеарнасына берген сұхбатында.

Трамп ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін арттырып жатқанын атап өтті, бұл мұнай бағасының төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Сондай-ақ ол мұнай бағасының «әр баррельге тағы 10 долларға» төмендеуі Ресейді Украинадағы соғыс әрекеттерін тоқтатуға «мәжбүр етуі мүмкін» екенін қосты.

Тарифтер күшіне енгеннен кейін The New York Times сынды бірнеше басылым жоғары лауазымды шенеуніктерге сілтеме жасап, Үндістан Трамптың сес көрсетулеріне қарамастан Ресейден мұнай сатып алуды жалғастыратынын хабарлады. Себебі ұзақ мерзімді келісімшарттар жайдан-жай бұзыла салмайды дейді.

Ал Reuters агенттігі төрт үнді мемлекеттік мұнай компаниясы Ресей мұнайын сатып алуды азайтқанын жазды. Оның орнына олар мұнайды Таяу Шығыс пен Батыс Африка елдерінен алып жатыр делінеді. 2 тамыз күні Трамп Делидің Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатуға ниетті екені туралы «дерек алғанын» мәлімдеді.

Алайда 4 тамыз күні Үндістанның Сыртқы істер министрлігі Трамптың экономикалық қоқан-лоққысына қатысты ресми мәлімдеме жариялап, оны «негізсіз және орынсыз шабуылдар» деп атады.

Министрлік 2024 жылы Еуроодақ пен Ресей арасындағы тауар айналымы 64 млрд еуроға жеткенін еске салды — бұл Үндістан мен Ресей арасындағы саудадан әлдеқайда көп. Нью-Дели ЕО мен АҚШ-тың өздері де Ресейден химикаттар мен тыңайтқыштар сатып алып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, АҚШ Ресейден атом өнеркәсібі үшін уран, электромобильдерге арналған палладий сатып алады. Ал ЕО — темір мен болатты және әлі де энергия тасымалдаушыларды алып отыр.

Үндістан тарапы Ресейден мұнай сатып алу ел үшін қажеттілік екенін айтты. Себебі бұл мұнай ЕО-ға қайта экспортталады, ал жақында ғана АҚШ мұндай жеткізілімдерді әртараптандыруды қолдап, бұл әлемдік нарықтағы бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді деп мәлімдеген еді. Нью-Делидің айтуынша, АҚШ үшін Ресеймен сауда — мұндай қажеттілік емес.

Ал сейсенбі күні Ресей Үндістан мен АҚШ арасындағы ушығып бара жатқан жанжалға қатысты пікір білдірді. Кремль Нью-Делидің өз сауда серіктестерін таңдауға ерікті екенін мәлімдеді.

Үндістанның маңызды сауда серіктесі саналатын Кремль соңғы күндері өршіген жанжалға үнсіз қалып келген еді. Алайда сейсенбі күні Ресей тарапы Трамптың баж салығын енгізу туралы қоқан-лоққысын «елдерді Ресеймен сауда қатынасын үзуге мәжбүрлеу әрекеті» деп атады.

«Біз мұндай мәлімдемелерді орынды деп есептемейміз. (...) Біз егемен елдер өз сауда серіктестерін, сауда-экономикалық әріптестерін таңдауға құқығы бар және солай етуі тиіс деп есептейміз. Олар өз елінің мүддесіне сай келетін сауда-экономикалық ынтымақтастық режимін таңдауға ерікті», — деді сейсенбі күні журналистерге Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Қорытындыласақ, Трамптың Үндістанға бағытталған экономикалық қысымы — АҚШ-тың одақтастары мен ірі нарықтар арасындағы геосаяси тепе-теңдікті өз ыңғайына қарай қайта құру талпынысының бір көрінісі. Алайда бұл жолы ол қарсы алдында тек экономикалық держава ғана емес, сонымен бірге халықаралық көпвекторлы саясатты шебер меңгерген және өз егемендігін алдыңғы орынға қоятын Үндістанды кезіктірді.

Нью-Дели Вашингтонның қысымына тек риторикалық емес, нақты сандармен, дәйекпен жауап берді: Ресеймен сауда тек өз мүддесіне сай емес, дәл осы сауданы әлі күнге дейін ЕО мен АҚШ-тың өздері де жалғастырып жатқанын көрсетті. Бұл — халықаралық қатынастардағы қосарланған стандарттарға тікелей сілтеме. Осы текетірес Үндістанның қазіргі әлемдік геосаясаттағы орнын, шешім қабылдаудағы дербестігін және көпполярлы әлемге деген беталысты айқын көрсетіп отыр. Трамптың баж салығы — қысым құралы ретінде қолданылғанымен, оның тиімділігі мен заңдылығы күмән тудырады. Бұл жағдайдан шығатын басты қорытынды: ендігі әлемде әр елдің ұлттық мүддесін ашық қорғауға, тіпті АҚШ-пен пікір қайшылығына баруға қауқары бар, жаңа орталықтар күшейіп келеді.

Похожие статьи

Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
4 күндік қақтығыстың мәні: Таиланд пен Камбоджа келіссөзге келісті
29.07.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
Министерство культуры и информации: проекты ради «галочки»?
29.12.2023, автор Бауыржан Маханов.
Светит ли казахским писателям Нобелевская премия?
31.07.2024, автор Бауыржан Маханов.
SPIK.KZ » Взгляд » Трамп Үндістанды Ресеймен сауда үшін қыспаққа алғысы келді, бірақ...