АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Жастар және саясат: Қазақстанда Z буыны саясатқа қалай кіреді?

Жастар және саясат: Қазақстанда Z буыны саясатқа қалай кіреді?

Вчера, 16:43, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Қазақстанда Z буыны (1995 жылдан кейін туғандар) қоғамдағы ең белсенді топтардың біріне айналып келеді. Олар — цифрлық дәуірдің балалары, интернет пен әлеуметтік желілердің ішінде өскен ұрпақ. Бірақ олардың саясатқа келу жолы бұрынғы буыннан түбегейлі өзгеше.

73 жастағы уақытша үкімет басшысы

«Біз Z ұрпағының ойлау жүйесімен сай келуіміз керек. Ол арқылы жемқорлықты жойып, үздік басқаруға жетіп, экономикалық теңдік аламыз». Бұл таяуда жастар көтерілген Непалдың жаңа үкіметінің басшысы Сушила Каркидің сөзі. Оны жастар Discord желісінде сайлаған.

Уақытша премьер-министр болып тағайындалған Сушила Карки — коммунистер мен центристер үкіметі құлатылғаннан кейін алғашқы мәлімдемесін жасады. Ол Discord әлеуметтік желісіндегі наразылыққа қатысушылар таңдаған тұлға. Ол алғашқы жариялы сөзінде алты айдан кейін, елде сайланған үкімет пайда болған сәтте, отставкаға кетуге уәде берді.

Непалда жаңа сайлау келесі жылдың 5 наурызында өткізу жоспарланған.

«Мен бұл қызметті қаламадым. Мені қабылдауға халықтың дауысы итермеледі», — деді уақытша премьер-министр міндетін атқарушы Сушила Карки.

73 жастағы Карки, Непал Жоғарғы сотының бұрынғы төраағасы, премьер-министр қызметіне «Z буыны» ұйымының наразылық жетекшілерінің өтініші бойынша тағайындалған. Бұл жасы шамамен 30-дағы және одан кіші адамдардың құрған ұйымы. Алдыңғы премьер-министр, Коммунистік партиясының жетекшісі Кхадга Прасад Шарма Оли өткен аптада екі күнге созылған жаппай көше наразылықтарынан кейін отставкаға кеткен. Жаңа мәліметтер бойынша, сол оқиғалар кезінде 72 адам қаза тапқан. Наразылыққа Непалда әлеуметтік желілерге салынған тыйым себеп болған.

Ал үкімет құлатылғаннан кейін Discord-тағы чат-топтарда уақытша үкімет басшысы тағайындалып отыр. Карки наразылық ұйымдастырушыларының мінберіне айналған «Хами Непал» қайырымдылық ұйымының серверінде сайланды. Сол күндері сервердің қатысушылар саны 140 мыңнан асып кетті.

Карки Непал Жоғарғы сотын басқарған алғашқы әйел болса, енді ел тарихындағы алғашқы әйел-премьер-министр атанды. Енді Карки мен оның үкіметінің алдында қиын міндеттер тұр: құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, наразылар қиратып кеткен парламент ғимаратын және басқа да нысандарды қайта салу, сондай-ақ «Z буынын» тыныштандырып, елде олар талап етіп отырған өзгерістер міндетті түрде болатынына сендіру.

Саясат TikTok-та басталады

Z буыны үшін саясат ресми партия жиналысында немесе парламент отырысында емес, TikTok пен Telegram-дағы қысқа видеолар мен мемдерден басталады. Жастар көбіне саяси жаңалықтарды ресми БАҚ-тан емес, әлеуметтік желіден біледі. Олар үшін ақпаратты тез қабылдау, визуалды мазмұн мен қысқа форма маңызды.

Қарапайым тіл, юмор мен ирония — олардың саяси қызығушылығын оятатын басты құрал. Сатиралық контент, трендке айналған әуендер мен мемдер жастарды саясатқа тартудың жаңа тәсіліне айналды.

Бұл құбылыс саясаткерлер үшін де үлкен сын-тегеурін. Егер олар жас буынға сөзін жеткізгісі келсе, дәстүрлі форматтардан гөрі әлеуметтік желілердің динамикасын түсініп, соған бейімделуі қажет. TikTok-тағы қысқа бейнелер немесе Telegram-дағы посттар кейде көпшілікке арналған ресми баяндама мен баспасөз мәслихатынан әлдеқайда әсерлі болуы мүмкін. Z буыны саясатты ойын немесе шоу ретінде қабылдамайды. Олар шынайылықты, ашықтықты және өздерімен тең дәрежеде сөйлесуді талап етеді. Сондықтан олардың саяси санасы әлеуметтік желілерде қалыптасып, қоғамдық белсенділіктері де сол жерде бастау алып жатыр.

Яғни бүгінгі жастар үшін саясаттың басты алаңы — әлеуметтік желілер. Ал оны түсінбегендер ертеңгі сайлаушылардың назарынан тыс қалуы мүмкін.

Қазақстандағы алғашқы белгілер

Кейінгі жылдары біз жастардың қоғамдық-саяси процестерге белсендірек қатыса бастағанын көреміз. Бұрын көбіне мәдени немесе спорттық шаралармен шектелетін жастар белсенділігі қазір нақты әлеуметтік және саяси тақырыптарға қарай ойысты.

Экологиялық флешмобтар мен қаланы тазалау акцияларынан бастап, саяси реформаларды талап еткен митингілерге дейін — жастар өз көзқарасын ашық білдіруге дайын екенін көрсетіп жүр. Бұл тек көшеде ғана емес, интернет кеңістігінде де байқалады. Университет студенттері әлеуметтік әділетсіздікке қарсы онлайн-кампаниялар ұйымдастырып, түрлі мәселелерді қоғам талқысына шығарып жүр. Әсіресе білім, стипендия, жастардың жұмыспен қамтылуы, баспана сияқты тақырыптар олардың басты күн тәртібіне айналған.

Әлеуметтік желілерде басталған қарапайым пост немесе челлендж кейде үлкен қоғамдық пікірталасқа ұласып, билікке де жетіп жатады. Бұл — жастардың жаңа саяси тілі қалыптасып келе жатқанын білдіретін алғашқы белгілердің бірі.

Яғни қазақстандық жастар үшін саясат енді қолжетпес, ресми әрі салқын орта емес. Ол олардың күнделікті өмірімен, жеке тәжірибесімен және болашаққа деген үмітімен тікелей байланысты салаға айналып барады.

Салыстыру үшін: Непалдағы «Z революциясы»

Жақында Непалда болған оқиғалар жастардың шынайы күшін көрсетті. Discord-тағы чат серверлерінде ұйымдасқан Z буыны бірнеше күн ішінде елдің саяси өмірін түбегейлі өзгертті: үкіметті отставкаға жіберіп, уақытша премьерді өзі таңдады. Бұл — дәстүрлі саяси элитаның билік құру әдістерінен түбегейлі бөлек, жаңа саяси мәдениеттің көрінісі.

Жастар тек көшеге шығып қана қойған жоқ, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларды стратегиялық құрал ретінде пайдаланды. TikTok-тағы қысқа видеолар, Telegram-дағы жаңалық арналары және Discord-тағы пікірталастар бүкіл қозғалыстың негізгі алаңына айналды.

Бұл мысал Қазақстандағы жастар үшін де үлкен сабақ бола алады. Себебі жаңа технология дәуірінде саясат көшеде ғана емес, интернетте де жасалады. Ал интернеттегі саяси белсенділік бір сәтте офлайн-әрекетке ұласуы мүмкін.
Z буыны үшін билік пен қоғам арасындағы диалог ресми мінберден емес, желідегі қарапайым чаттан басталады. Сондықтан Қазақстандағы саясаткерлер үшін ең өзекті сұрақ — жастардың осы жаңа тілін түсіне алу, олардың алаңына шығып, сол форматта сөйлесе білу.

Яғни Непал тәжірибесі бізге жастардың саяси күшін елемеуге болмайтынын, ал әлеуметтік желіні екінші дәрежелі нәрсе деп қарау — үлкен қателік екенін көрсетіп отыр.

Кедергілер де жоқ емес

Бірақ жастардың саясатқа кіру жолы оңай емес. Бірнеше басты кедергіні атап өтуге болады. Мысалы партиялық жүйенің жабықтығын айта аламыз. Қазақстанда ресми тіркелген партиялар саны шектеулі, ал жаңа саяси ұйым құруға қатаң талаптар қойылады. Бұл жастардың өз бастамасын партия деңгейіне шығаруын қиындатады. Мысалы, соңғы жылдары жаңа партия құруға тырысқан топтардың көпшілігі тіркеуден өте алмады. Ал парламентке өтудің жалғыз жолы — бар партиялардың ішінен орын табу, бірақ ол да оңай емес.

Сөз бостандығының шектеулері де кедергі. Жастардың белсенділігі кейде қысымға ұшырайды. Әлеуметтік желіде өткір пікір айтқаны үшін ескерту алған, айыппұл төлеуге мәжбүр болған немесе полицияға шақыртылған жағдайлар бар. 2019–2022 жылдары бірқатар студент митингілерге қатысқаны үшін университеттен шығарылу қаупін бастан кешті. Бұл фактор жастардың саяси қатысуға деген ынтасын төмендетуі мүмкін.

Сенім дағдарысы да біздің елдегі биліктің шешуге тиіс алдағы бір міндеті. «Билік бізді тыңдамайды» деген көңіл күй жастар арасында кең таралған. Реформа туралы көп айтылғанымен, нақты нәтиже көрінбей жатқанын олар жиі атап өтеді. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін жастар билік пен қоғам арасындағы диалог күшейеді деп күтті, бірақ күткен өзгерістердің көпшілігі жүзеге аспады деген пікірлер басым.

Жастар саясатқа қызығушылық танытып отыр, бірақ жүйелік тосқауылдар олардың жолын бөгеп тұр. Егер бұл кедергілер жойылмаса, жастар саяси процестерге дәстүрлі жолмен емес, тек әлеуметтік желілер мен қысқа мерзімді наразылық акциялары арқылы араласуы мүмкін.

Z буыны саясатқа жаңа медиа арқылы кіріп, қоғамдық қозғалыстарда шыңдалып, ертең тәуелсіз кандидаттар мен жаңа партиялар арқылы билікке келуі мүмкін. Бұл процесс бір күнде болмайды, бірақ бүгіннен басталған қадамдар болашақтың саяси ландшафтына тікелей әсер етеді.

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
Трамп Үндістанды Ресеймен сауда үшін қыспаққа алғысы келді, бірақ...
6.08.2025, автор Spik.kz.
Армения мен Әзербайжан: күтпеген бейбіт саммит Трампқа не береді?
11.08.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Выбор редакции » Жастар және саясат: Қазақстанда Z буыны саясатқа қалай кіреді?