АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Трамп, Зеленский және еуропалық жетекшілер кездесуі: Ақ үй қабырғасында не талқыланды?

Трамп, Зеленский және еуропалық жетекшілер кездесуі: Ақ үй қабырғасында не талқыланды?

20.08.2025, автор Spik.kz.

RU KZ EN
АҚШ президенті Дональд Трамп, Украина президенті Владимир Зеленский және бірқатар еуропалық саясаткерлер Вашингтондағы Ақ үйде қауіпсіздік мәселелеріне арналған келіссөздер өткізді. Бұл Зеленскийдің Трамп қайта сайланғаннан кейінгі Ақ үйге жасаған екінші сапары. Алғашқы сапар 2025 жылдың ақпанында өтіп, сәтсіздікке ұшыраған болатын: Трамп Зеленскийді АҚШ-қа жеткілікті алғыс айтпады деп айыптап, екіжақты қарым-қатынастар уақытша тоқтаған еді.

Бірақ биылғы сапар мүлде басқа атмосферада өтті. Өткен жолы камуфляж киіммен келген Зеленский бұл жолы қара костюм мен қара жейде киіп келді. Кездесу барысында ол Трампқа кем дегенде сегіз рет алғыс білдіріп, дипломатиялық қарым-қатынасты барынша қолайлы реңкке бағыттауға тырысты. The Wall Street Journal журналистері атап өткендей, екі тарап та ақпан айындағы сәтсіздікті қайталамауға барынша мүдделі екенін аңғартты.

АҚШ-тың пайдасы не?

Зеленский АҚШ лидерімен бірге Еуропа елдерінің өкілдерімен де кездесіп, Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру мәселесін талқылады. Трамп Украинаға АҚШ пен Еуропа тарабынан «айтарлықтай қолдау» көрсетілетінін айтты, алайда НАТО-ға мүше болу мәселесі қарастырылмайтынын ашық жеткізді.

Өз кезегінде Зеленский бұл кездесуді «конструктивті» және «нақты» деп атап өтті, бірақ нақты қандай ұсыныстар талқыланғанын ашып айтқан жоқ.

Financial Times газетінің мәліметінше, Украина делегациясының ресми құжатында Вашингтоннан қауіпсіздік кепілдіктерін алу үшін Киев АҚШ-тан 100 млрд доллар көлемінде қару-жарақ сатып алуға дайын екенін айтқан. Сонымен қатар құжатта Украина Ресейге ешқандай аумақтық шегіністер жасамайтынын және соғысты тоқтату туралы келісімді бейбіт процестің алғашқы қадамы ретінде қарастыратыны айтылған.

Трамп неден бас тартты?

Алайда Трамп Ресейге қойылған «оқ атуды тоқтату» талабынан бас тартты. Оның айтуынша, бейбітшілік орнауына міндетті түрде уақытша бітім алғышарт болмауы мүмкін. Бұны көптеген сарапшылар Ресей президенті Владимир Путинге көзқарастың жұмсаруы ретінде бағалады. Ал Германия канцлері Фридрих Мерц және басқа да еуропалық көшбасшылар, керісінше, бітім қажеттігін қайтадан атап өтті.

Кездесудегі күтпеген жағдай

Келіссөздер барысында күтпеген жағдай болды — Трамп украин және еуропалық делегациялармен кездесуді уақытша тоқтатып, Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұған дейін ол Путинге кездесуден соң хабарласатынын айтқан болатын.

Reuters агенттігіне сілтеме жасаған дереккөздер бұл қадамды «бейбіт келісімге қарай оң қадам» деп бағалап, Трамппен соңғы болып сөйлескен тараптың пікірін ол көбірек қолдайтын әдетіне назар аударды.

Кремль өкілі Юрий Ушаковтың айтуынша, 40 минуттық телефон әңгімесінде Мәскеу мен Киев арасындағы тікелей келіссөздер деңгейін көтеру мәселесі талқыланған. Алайда Кремль өз тарапынан ашық түрде нақты уәде берген жоқ, маневр жасауға мүмкіндік қалдырды. Ал Зеленский болса мынаны айқын жеткізді: аумақтық мәселелерді ол тек Путинмен ғана талқылауға дайын.

Өз кезегінде Трамп әлеуметтік желіде «Путин мен Зеленскийдің кездесуіне дайындықты бастағанын» жариялады.

Кездесуден кейін...

Кездесуден кейін баспасөз мәслихаты өткізілген жоқ. Украина президентінің өкілі Сергей Никифоровтың айтуынша, тараптар Ақ үйде қалып, «мүмкін басқа форматта» әңгімесін жалғастыруға шешім қабылдаған. Осы себепті Зеленский Fox News телекомпаниясына жоспарланған сұхбатын кейінге қалдырған. Келіссөздердің нақты қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Бірақ Трамп бүгін Украина және Еуропа басшыларымен «барлық негізгі бағыттар бойынша дерлік келісімге» келуге үміт білдіріп отыр. Егер бұл орын алса, ол Путин мен Зеленский арасындағы тікелей кездесу мүмкіндігін ашады.

Желіде қалай есеп берді?

Трамп пен Зеленский келіссөздерден кейін әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасады

Трамп Truth Social желісінде Зеленскиймен және Еуропа елдерінің лидерлерімен Ақ үйде өткен «өте жақсы» кездесуді өткізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөздердің басты тақырыбы — АҚШ-тың үйлестіруімен Еуропа елдері тарабынан Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері болған.

Сондай-ақ ол келіссөздер аяқталғаннан кейін Ресей президенті Путинге қоңырау шалғанын және оның Зеленскиймен алдағы кездесуіне дайындықты бастағанын айтты. Оның сөзінше, екіжақты кездесуден кейін өзінің қатысуымен үшжақты саммит өткізу жоспарланып отыр. Ол мұны «соңғы төрт жылға жуық уақытқа созылған соғысты аяқтауға бағытталған алғашқы қадам» деп атады.

Кремль де бұл телефон арқылы сөйлесудің АҚШ бастамасымен өткенін растады. Әңгіме барысында екі лидер де Украина мен Ресей делегациялары арасындағы тікелей келіссөздерді жалғастыруды, сондай-ақ бұл келіссөздердің деңгейін арттыру мүмкіндігін талқылады.
Украина президенті Зеленский де Трамппен кездесу қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады. Ол «ұзақ әрі егжей-тегжейлі әңгіме» болғанын, онда майдандағы жағдай және бейбітшілікке қол жеткізу үшін қажетті қадамдар талқыланғанын айтты. Зеленский Трампқа шақырғаны үшін алғыс білдіріп, бұл күрделі кезеңде Украинаны қолдап келген еуропалық лидерлердің жеке қатысуының маңыздылығына назар аударды.

Қорытсақ, Ақ үйдегі келіссөздер Украина мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңге шыққанын көрсетеді. Трамптың Путинмен тікелей сөйлесуі және Зеленскийдің дипломатиялық риторикаға көшуі — соғысты тоқтату жөніндегі нақты қадамдарға деген сұраныстың артқанын аңғартады. Алайда бітім мәселесіндегі пікірлердің айырмашылығы тараптар арасындағы сенімсіздіктің әлі де сақталып тұрғанын байқатады. Келіссөздер жалғасуда, ал негізгі интрига — Трамптың уәде еткендей, Путин мен Зеленскийдің тікелей кездесуі жүзеге аса ма, жоқ па — алдағы күндердің басты сұрағына айналды.

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
Армения мен Әзербайжан: күтпеген бейбіт саммит Трампқа не береді?
11.08.2025, автор Spik.kz.
4 күндік қақтығыстың мәні: Таиланд пен Камбоджа келіссөзге келісті
29.07.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Взгляд » Трамп, Зеленский және еуропалық жетекшілер кездесуі: Ақ үй қабырғасында не талқыланды?