АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат

Вчера, 16:01, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Ардақ Құлтай, журналист

Кейінгі жылдары Қазақстан қоғамында діни алаңда түрлі идеологиялық қайшылық жиілеп кетті. Салт-дәстүрге қарсы пікірлер, "дін мен дәстүр үйлеспейді" деген көзқарастар халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Осы ретте біз белгілі исламтанушы, теолог Асқар Сабдинмен қазіргі діни ахуал, сәләфизм идеологиясының мәні мен қаупі, ақпараттық қарсы жұмыс жайлы сұхбаттастық.

– Алғашқы сұрағымыз – қазіргі Қазақстандағы діни ахуал қандай? Нақтылап түсіндіріп өтсеңіз.

— Жалпы алғанда, діни ахуал елімізде 2016 жылдан бері тұрақты деп бағаланады. Алайда ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, ақпараттық кеңістікте түрлі арандату болып тұрады. Дегенмен 2011–2016 жылдар аралығында болған террорлық оқиғалар қазіргі таңда жоқ. Бірақ исламофобиялық сипаттағы кейбір бағытталған ақпараттық шабуылдар байқалады. Тапсырыс берушілерді нақты анықтау қиын, дегенмен, бұл әрекеттер жоспарлы сияқты көрінеді.

– Сіз айтып отырған бағытталған шабуылдардың артында кімдер тұр деп ойлайсыз? Мысалы, домбыраны “харам”, ал Наурыз мейрамын “ширк” деп атайтын, ата-бабаға арнап құран бағыштауды “бидғат” дейтіндер кездесіп жатады.

— Бұл нақты бір топ немесе ел емес. Кеңістікте исламға қарсы идеологияны насихаттауға тырысатын топтар бар. Кейінші жылдары қазақы салт-дәстүрге қарсы – мысалы, «домбыра харам», «ата-бабаға Құран бағыштау болмайды» деген сияқты пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл – кездейсоқ пікір емес, бұның артында сәләфизм идеологиясы тұр.

Бұл 2000-жылдардың басынан бері таралып келеді. Қазір тек әлеуметтік желілерде белсенділік артқандықтан, бұл пікірлер қаттырақ естіледі. Бұрын кітаптарда, отырыстарда ғана айтылса, енді әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жетіп жатыр. Қазақ салт-дәстүрін мансұқтайтын, әдет-ғұрып пен діни жоралғыларымызды мансұқтайтын сәләфизм сияқты идеологияға реакция болып жатыр. Жақсы жағы да осы – қоғам да, билік те, діни мекемелер де бұған жауап беріп жатыр.

– Қарсы ақпараттық жұмыс жүргізіп жатқан кімдер?

— Бұл тек мемлекет немесе діни басқармамен шектелмейді. Ақпараттық түсіндіру топтары, жергілікті мамандар, қоғам қайраткерлері, журналистер, жазушылар – бәрі осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

– Бұл жұмыс нәтижелі болып жатыр ма?

— Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда нәтижелі. Мысалы, 10 жыл бұрын біздің дауысымыз бәсең еді. Қазір қоғам да, мамандар да өз пікірін ашық айтып жүр. Онлайн кеңістікте де белсенділік артты. Бұрын ол жақта 70% деструктивті ағымдар үстем болса, қазір бұл көрсеткіш керісінше – 70% дәстүрлі дінді ұстанушылар белсенді. Бұл менің субъективті ойым.

– Сәләфизм туралы нақтырақ айтып өтсеңіз. Қазір өзін “сәләфтардың жолындамыз” дейтіндер мен бұрынғы сәләфтардың айырмасы бар ма?

— «Сәләф» – мұсылмандар үшін киелі, қасиетті ұғым. Бұл – алғашқы үш буын мұсылмандар: сахабалар, табииндер және атба табииндер. Ал қазіргі өздерін «сәләф» деп жүргендер, негізінен, кейін өмір сүрген Ибн Тәймия мен Мұхаммад ибн Әбдулуахаб, кейінгі Ибн Баз, Усаймин, Әлбани сияқты кейіннен өмір сүрген ғалымдардың еңбектерін басшылыққа алады. Бұл адамдардың кей кітаптары Қазақстанда тыйым салынған діни әдебиет тізімінде бар. Бұлардың шын сәләфтармен тікелей байланысы жоқ. Олар сәләфтардың жолымен емес, негізінде олар сол Ибн Тәймия, Мұхаммад ибн Абдулуаххаб, Ибн Баз, Шейх әл-Әлбани, Ибн Усаймин, Раби’ әл-Мадхали, Шейх Фаузан, Ибн Жибриннің жолымен жүр.

– Яғни, сәләф атауын қолдану – манипуляция ма?

— Иә, бұл – анық манипуляция. Себебі нағыз сәләф ғалымдарына – мысалы, Имам Әбу Ханифа жатады. Ол – біздің дәстүрлі ханафи мәзһабының негізін салған адам. Бірақ қазіргі «сәләфтар» ол кісіні мойындамайды. Олар өз ұстанымын сәләф жолы деп көрсеткісі келеді. Бұл – таза теологиялық спекуляция.

Ал бұл сәләфпіз деп жүргендердің «Үш негіз», «Төрт қағида», «Китаб ул-Тәухид», «Кәшф әш-Шубухат», «Науақидул-Ислам» секілді еңбектерінің барлығы осы бір-екі ғасыр бұрын жазылған еңбектер.

– Сәләфизмді жақтаушылар кейде дәстүрлі мәзһабтар мен ғалымдарды "жеңіп тастаймыз" деп өздерін жарнамалап жатады. Бұл неге жол беріліп отыр?

— Бұл – діни сауаттың төмендігінен. Бірақ қазіргі таңда ондай пікірлерге жауап бере алатын мамандар бар. Мен өзім 2006 жылдан бастап сәләфизмге қарсы үш кітап жаздым. Мысалы, «Нәждтік ағым» деп аталатын еңбегімде қазіргі сәләфизм мен уахабилік ағымның түп-тамыры Сауд Арабиясындағы Нәжд аймағынан шыққанын көрсеттім. Сонымен қатар «Неохарижиттік ағымның қысқаша талдауы» атты еңбегім де бар. Сондай-ақ сәләфизмнің діннің атын жамылған экстремизммен ара-қатынасы тақырыбында еңбек жазған едім.

Мен сияқты басқа да мамандар жазып жатыр. Мұнда сәләфизмнің әрбір конструкциясына жауап берілген. Оның негізгі конструкциясы – таухидтың үшке бөлінуі. Олар: Таухид ар-Рубубия, Таухид әл-Улухия, Таухид әл-Асма уа-с-сифат. Бұл үштік жіктеме алғашқы мұсылмандарда болмаған. Сахабалар да, табиғиндер де мұндай үштік жіктеме жасамаған. Термин ретінде қолданғанда, таухид үшке бөлінеді, біріншісін барлық адам ұстанады. Екінші таухидты біз ғана ұстанамыз. Үшінші таухидте көп адам адасып кетті деген жіктемені ең бірінші VII ғасырда Ибн Тәймия өз иштиһадымен ойлап шығарған. Оған дейін осындай жіктеме жасап, мұсылмандарды кәпірлерге ұқсатқандар болмаған.

Тағы да айтайын, Таухид ар-Рубубия, Таухид әл-Улухия, Таухид әл-Асма уа-с-сифат терминдері болған, бірақ дәл осындай жіктеме болмаған. Бұл жікте менің астарында өте қауіпті салыстыру бар. Мысалы пайғамбар кезінде Медина қаласын қорғау үшін Меккенің мүшріктерімен елді қорғау үшін бірнеше рет соғысты.

Қазіргі мұсылмандардың көпшілігі Таухид ар-Рубубияны ұстанады да, Таухид әл-Улухияны бұзады. Пайғамбар ﷺ Мекке мүшріктерімен соғысты, Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтың терминологиясымен айтқанда, бізді қазіргі сол мүшріктерге ұқсайтын «мушрику заманина» деп атап, осындай адамдармен соғысу керек деген логика бар. Бұл – өте қауіпті, зорлық-зомбылыққа жақын көзқарас. Зорлық-зомбылықты ақтайтын кейбір мұсылмандар, әсіресе мұсылмандарға қарсы соғысуды дұрыс көреді. Мысалы, қан төгуді рұқсат ететін идеология болып тұр. Бұл хариджизмге ұқсайды. Ол кезде «біз таухидты ұстанамыз, таухидты насихаттаймыз, таухидты бұзғандармен күресеміз» деген ұрандармен шыққан ағымдар болды. Мысалы, мутазалиттік қозғалыстар. Солар сияқты «таухид үшін шығамыз, таухидты қорғаймыз» деп, тарихтағы екі деструктивті ағымға ұқсап отыр.

Қазіргі таңда да кей салафилер «мұсылмандар таухидты бұзып жатыр, таухидтері дұрыс емес, олармен күресу керек, бидғатшылармен амандаспау керек, олармен отырмау керек, дос болмау керек, оларға қарсы бара жариялау керек» деген сияқты пәтуалар беріп жүр.

– Таухидтың үшке бөлінуі – рубубия, улухия, асма уас-сифат – Ибн Тәймияның өз ижтиһады арқылы, дәлелдерді талдау (Истиқра ан-нусус) нәтижесінде қалыптасқан жіктеме ме?

— Бұған кейінгілердің, яғни Ибн Тәймияның өз логикасымен жеткені. Яғни жеке ижтиһады. Бұл жіктеме Құран мен хадисте тура мәтін ретінде жазылмаған. Құранда «Раб» сөзі мен «Иләһ» сөзі кейде бірінің орнына бірі қолданылады. Рубубия мен улухия бөлек бір нәрсе ретінде анық ажыратылып көрсетілмеген. Сондықтан бұл негізінде теориялық жіктеме, ғылыми тұрғыдан сәләфтардың барлығына ортақ емес.

Ең қауіптісі – қазіргі мұсылмандарды Пайғамбар ﷺ-ға қарсы соғысқан мүшріктерге ұқсату. Мысалы, Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб еңбектерінде «мушрику заманина» (біздің заманымыздың мүшріктері) деген тіркес кездеседі. Бұл – қазіргі мұсылмандарды Аллаға серік қосушыларға теңеу, яғни тәкфиризм. Ол өмір бойы мұсылмандарға қарсы соғысты. Бұл – фитна, үлкен қауіп.

Ғылыми тұрғыдан оған қарсы жауаптар, кітаптар, ақпараттық материалдар әлі жеткіліксіз. Себебі бұл құбылысты терең талдау керек. Қазіргі сәләфизм біркелкі емес, бірнеше ағымға бөлінген. Оның ішінде:

• Жаһандық жиһадшылар – Ибн Тәймия, Мұхаммад ибн Абдулуаххаб, Ибн Қайим, әл-Әлбани, Ибн Баз, Ибн Усаймин сияқты тұлғаларға сүйенеді.
• Мадхалилер – жиһадшыларды «харижит» деп айыптап, оларға қарсы жұмыс істейді. Жиһадшылар мадхалилерді «муржиа» деп кінәлайды.
• Саяси салафилер – алғаш Мысырдың Александрия қаласында шыққан, қазіргі таңда Мысыр парламентінде өкілдері бар. «Хизб ун-Нур» партиясы кезінде біздің елде де белсенділері болып, сол партияның идеясын таратқан, журнал және кітап шығарған.

«Хизб ун-Нур» партиясының негізгі көсемдері — Ахмад Фарид, негізін қалаушы Ясир Бурһами және Мухаммад Исмаил Муқаддим секілді тұлғалар. Олардың дәрістерін, кітаптарын біздің азаматтарымыз да аударған. Бұл бөлек, ал енді жаһандық жиһадистер күшпен дінді насихаттауымыз керек десек, саяси мотивтері бар александриялық мектеп болса, «мақсатымызға саясат арқылы, билік құралдарын пайдаланып, билікке кіру, белгілі бір мансаптарды алу арқылы жетіп, содан кейін дінді таратуымыз керек» дейді.

Үшінші бағыт — мадхализм (плазиолитизм), яғни өте табанды, тіпті тықпалап насихаттау. Бір нәрсені жүз рет қайталап, үнемі айта беру арқылы өздерінің ілімін үстем қылуға тырысады. Әрине, бұдан бөлек те әртүрлі салафиттік топтар бар, және олар тұтас бір ұйым емес. Мысалы, глобалды жиһадистердің ішінде бірнеше тармақ бар — ДАИШ (тыйым салынған ұйым), «Әл-Каида» (тыйым салынған ұйым) және басқалар. Олар да бір-бірін мойындамайды. Сирияда өзара қақтығысып та қалды. Мадхализмнің ішінде де таяуда үлкен фитна болды: қозғалыс екіге бөлініп кетті. Бұған дейін Хаддад есімді кісі бөлініп шыққан еді. Ол Ибн Хаджар, Науауи секілді ғалымдардың кітаптарын өртеу керек деп есептеген. Бұл бағыт Хаддадия деп аталды. Біздің кейбір облыстарымызда да осы ағымның өкілдері бар.

Жақында Раби әл-Мадхали мен Мұхаммед әл-Мадхали екеуі де бөлініп кетті. Олар бір-біріне қарсы қатты ақпараттық соғыс жүргізді — «бидғатшы», «ихуаншы», «адасқан», «такфиристерден де жаман» деп айыптады.

Саяси мақсатты көздейтін салафиттердің ішінде сурурия бар (бізде көп кездеспейді), александриялық сәләфиттер, сондай-ақ ихуандарға жақын «сахуа» тобы да кездеседі.

Сондықтан қазіргі «сәләфизм» дегеніміз — бір ғана ағым емес, жеті-сегіз түрлі бағыттан тұрады. Бұлар қазіргі таңда бір-бірімен сыйыспайды. Барлығы да Мұхаммед ибн Абдулуһаптың «Үш негіз», «Төрт қағида» деген кітаптарын, Ибн Тәймия, Ибн Қайим, әл-Албани сияқты ғалымдардың еңбектерін оқиды, бірақ өзара келісім жоқ. Кейде тіпті бір-бірімен сәлемдеспейді де. Кейбір өңірлерде мешіттен шыққанда бірнеше топ бөлек-бөлек тұрады, араласпайды, бір-біріне көзқарасы өте нашар.

– Асқар мырза, сіз негізгі базаға тоқталдыңыз. Енді жеңілірек, қоғамдағы мәселелерді де бір талқылап өтсек. Қазір Қазақстанда салафизм ықпалына түсіп қалған адамдармен жұмыс істеп көрдіңіз ғой. Диалог жүргізудің қандай тәсілдері бар?

— Мен кезінде имам болғанмын. Волгоград қаласында қызмет еттім. Сол кезде Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағында соғыс болып жатқан еді, содан сол идеологиямен танысуға тура келді. Ибн Тәймияның бірсыпыра кітабын, Мұхаммед ибн Абдулуһаптың кейбір еңбектерін және басқа да идеологтардың кітаптарын оқыдым.

Олар — буквалист, сондықтан олармен сөйлескенде дәл сол буквалистік методологияны қолдану керек. Олардың қабылдайтын дәлелдері бар, сол дәлелдермен сөйлесу қажет. Сонымен қатар бұл идеологияның осал тұстары да бар — мысалы, әлгі айтқан таухидтің үшке бөлінуі мәселесі. Әл-уәлә уәл-бара секілді ұғымдар сияқты, мысалы, Мұхаммад ибн Абдуллаһтың «Китабут-таухид» атты еңбегінде хадистердің шамамен 30 пайызы әлсіз. Көріп тұрғаныңыздай, осындай осал жақтары бар. Сондықтан бұл идеологияның әлсіз тұстарын зерттеп, оқу керек.
Қазіргі бөліну тенденциялары да айқын: мадхалиттер мен жиһадистер, мадхалиттер мен саяси салафиттер арасында, тіпті мадхалиттердің өз ішінде де екі-үш тармаққа бөліну сияқты құбылыстар кездеседі. Мұны білген адам соларға айтқанда, олар құлақ асады. Әрине, бәрі бірден көзқарасын өзгертеді деп айту қиын. Дегенмен, бұрын қатты ұстанымда болып, қазіргі таңда байсалды, қоғаммен санасатын, салт-дәстүрге қарсы келмейтін, тақиясын киіп жүретін сәләфилер қазір жиірек байқалады. Бұрынғыдай емес.

– Әдістемелік құралдарыңыз туралы айтып берсеңіз.

— Иә, менің өзімнің үш әдістемелік құралым бар. Біріншісін 2014 жылы Ақтөбеде жаздым. Кейін 2018 жылы өңдеп, кеңейтіп қайта шығардым. 2020 жылы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен «Теологиялық дерадикализация нарративтері» атты көлемді кітап жаздым. Онда терроризм мен экстремизм үшін сотталған немесе радикалды көзқарастағы адамдармен жұмыс істеу, оларға түзету (коррекция) жүргізу әдістері қамтылған.

Бұл, әрине, мінсіз методология деп айта алмаймыз, бірақ шетелдік сарапшылар да жоғары бағалады. Жыл сайын Ресейге, Өзбекстанға барып тұрамын, жуырда Сингапур еліне барып, тәжірибемді бөлістім. Халықаралық деңгейде де көршілес елдер біздің әдістемелік құралдарымызды жоғары бағалайды. Өз елімізде де мамандар аз емес. Жалпы, осы салада 15-ке жуық әдістемелік құралымыз бар. Онда радикализм, тәкфиризм, жиһадизмге бой алдырған бауырларымызға қатысты жұмыс тәсілдері, дәлелдер мен ұсыныстар жазылған. Теория тұрғысынан әлі де дамуымыз керек, бірақ тәжірибе жағынан мықтымыз. Қазақстанда кез келген облыстағы теолог кез келген террористпен сөйлесе алады, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, тартынбайды, қорықпайды.

Дегенмен, бұл әдістерді одан әрі жетілдіру қажет. Себебі әлемдік деңгейде жүріп жатқан теориялар бар. Солардың жақсы жақтарын алып, өз тәжірибемізге енгізуіміз керек. Жалпы, бұл — дерадикализация теориясы. Контррадикализм, контрэкстремизм, контртерроризм, антирaдикализм сияқты әртүрлі бағыттар бар. Қазір анықтамалар да көп: антирадикализация, контррадикализация, дерадикализация. Олардың бәрі түрлі салаларға бөлінеді. Қазіргі таңда әлемде әдістемелік материалдар өте көп. Солардың бәрін зерттеп, әсіресе өңірлерде жұмыс істеп жүрген мамандарға ұсынуымыз керек.

– Қазіргі таңда зайырлы мемлекетте өзгенің сеніміне тиісу тенденциясы байқалады. Бірақ бұл қос тараптан да шығатын құбылыс. Мысалы мұсылман атеиске «Қай бабаң атеист болған?» дейді. «Мұсылман болмасаң, сен қазақ емессің» дейді. Ал мұсылманға атеистер «Қазақсың ба, мұсылмансың ба?» немесе «Дінің бірінші орында ма, ұлтың ба?» деп сұрақ қояды. Бұл, меніңше, зайырлы мемлекетте тұрып жатқанда өте ауыр сұрақ. Мұндай логикасы жоқ, тек араздық тудыратын талқылар емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?

— Жалпы, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бізде бірде-бір дін немесе идеология ресми түрде танылмайды. Сондықтан дүниетанымдық плюрализмнің болуы – заңды құбылыс. Діни тұрғыдан айтсақ, Құранда «Сенің дінің – саған, менің дінім – маған» деген анық (мұхкам) аят бар. Ол – күші жойылмаған аят. Екіншіден, «Дінде зорлық жоқ» деген аят бар. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болған кезде, оның сауытын бір яһуди саудагер кепілде ұстап тұрған. Яғни ол кісі яһудилермен бір қоғамда өмір сүрген, тіпті Мәдина конституциясында да «Яһудилердің діні – өзіне, мұсылмандардың діні – өзіне» деп көрсетілген.

Сол сияқты, Құранда: «Егер Раббың қаласа, адамдардың барлығын бір үмбет етер еді. Бірақ олар әртүрлі болып қала береді» деген аят бар. Демек, дінде мәжбүрлеу жоқ, сенің дінің – саған, менің дінім – маған деген ұстаным бар болса, бұл діни плюрализмнің орнын дәлелдейді. Мәселе – шиеленіс сызықтарын сызбау. Ғылыми сын – басқа әңгіме. Бірақ эмоцияны қоздырып, біреуді айыптау, әсіресе зорлық-зомбылыққа итермелеу – дұрыс емес. Пікірталас ғылыми және академиялық деңгейде қалуға тиіс. Маман емес адамдар кейде шегініс жасауы керек, ал мамандар сауатты пікірталас жүргізе алады. Қоғамда әртүрлі пікірлердің болуы – заңды. Біз демократиялық елміз. Әр пікір сыналуы мүмкін. Діни тұрғыдан алсақ, қателеспейтін тек пайғамбарлар, ал қазіргі кезде пайғамбарлар жоқ. Сондықтан кез келген адамның сөзі сынға түсуі мүмкін. Сынға байсалды жауап беру керек. Келіспеген күннің өзінде, қақтығысқа жол беретін, өшпенділік тілін қолданатын сөздерден бас тарту керек. Бұл – кімге қатысты болса да, мейлі ол атеист болсын, мұсылман болсын, салафит болсын – бәріне ортақ талап.

Қазақстанда ешкімге шектеу қойылмаған, әркім пікірін айтуға құқылы. Дегенмен, басқаның құқығын таптамау – басты шарт.

– Қоғамдағы болып жатқан оқиғалар, мысалы Ақтөбедегі мешіттегі оқиға, Баян Мақсатқызының тәңірші екенін жариялаған соң кейбір кісілердің оның бизнесіне бойкот жариялауы сияқты мәселелер төңірегінде қысқа да нұсқа ой білдіре кетсеңіз.

— Иә, бизнеске бойкот жариялау мәселесі жайлы ойлағанда, менің есіме пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) кезіндегі бір оқиға түседі. Пайғамбарымызға қарсы жұмыс істеп, бірнеше рет оны өлтіруге тырысқан, Мекке мүшріктерімен сауда жасаған бір кісі бар еді. Ол оларға бидай сататын. Кейіннен ол адам Исламды қабылдап, мұсылман болғаннан соң, сол сауданы тоқтатпақ болды. Яғни, меккеліктерді қиын жағдайда қалдырып, бидай сатпаймын деген ниет білдірді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.), олар жау болса да, бірнеше рет өзін өлтіруге әрекеттенсе де, әлгі сахабаға: «Сен бидайыңды сата бер, олар азықсыз қалмауы керек» дегендей нұсқау берді. Сондықтан бойкот мәселесінде діндар, мұсылман азаматтар үшін бұл – жақсы үлгі.

– Сұхбатыңызға алғыс!

Похожие статьи

Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
Армения мен Әзербайжан: күтпеген бейбіт саммит Трампқа не береді?
11.08.2025, автор Spik.kz.
Трамп Үндістанды Ресеймен сауда үшін қыспаққа алғысы келді, бірақ...
6.08.2025, автор Spik.kz.
4 күндік қақтығыстың мәні: Таиланд пен Камбоджа келіссөзге келісті
29.07.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Выбор редакции » «Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат