АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Зоран Мамдани феномені: Нью-Йорк мэрі неге әлем назарын өзіне аударды?

Зоран Мамдани феномені: Нью-Йорк мэрі неге әлем назарын өзіне аударды?

Сегодня, 16:09, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Таяуда Нью-Йорк қаласының жаңа мэрі болып социалистік көзқарастағы мұсылман саясаткер Зоран Мамдани сайланды. Бір қарағанда, бұл – жергілікті деңгейдегі оқиға. Бірақ оның айналасында туындаған саяси дау, идеологиялық айтыс және қоғамдағы бөлініс Америка шекарасынан әлдеқайда асып түсті.

АҚШ-тағы «мэр синдромы»: неге бір қаланың сайлауы әлем назарында?

Нью-Йорк – әлемнің қаржы және мәдени орталығы, оның бюджеті кейбір мемлекеттердің экономикасымен тең. Сондықтан бұл қаланың мэрі – жай ғана әкім емес, федералдық деңгейдегі ықпалды саясаткер. Бұл қызмет бір кездері Руди Джулиани мен Майкл Блумберг сияқты тұлғаларды ұлттық аренаға шығарған. Сол себепті бұл орынға кім келетінін АҚШ қана емес, бүкіл әлем бақылайды.

Бірақ бұл жолғы сайлаудың тарихта ерекше орны бар. Өйткені Нью-Йорктегі дода тек екі адамның арасындағы саяси тартыс емес – қазіргі Американың идеологиялық айнасына айналды.

Мамдани: Нью-Йорктің «солшыл арманы»

Зоран Мамдани – Угандада туған мұсылман, иммигранттардың ұлы. Ол өзін «демократиялық социалист» деп атайды, бірақ оның бағдарламасы классикалық солшыл саясаттан да батыл. Ол минималды еңбекақыны 30 долларға дейін көтеремін, қоғамдық көлікті тегін етемін, байларға салықты арттырамын және арзан азық-түлік дүкендерін ашамын деп уәде берді.

Мамдани — 1969 жылдан бері Нью-Йорк мэрі сайлауында бір миллионнан астам дауыс жинаған алғашқы кандидат.

Нью-Йорк қаласының Куинс ауданындағы саябақта Мамдани билік ауысу үдерісін жүргізетін өз тобының құрамын таныстырды.

5 қараша күні көптеген басылымдар Мамданидің жеңісіне арналған алғашқы беттерін жариялады: The New York Times пен Daily News секілді бейтарап материалдардан бастап, жаңа мэрді балға мен орақ ұстап тұрған күйде бейнелеген New York Post сияқты айқын саяси көзқарастағы жарияланымдарға дейін болды.

Саяси тұрғыдан бұл – Америкадағы «жаңа солшыл» қозғалыстың, яғни Берни Сандерс пен Александрия Окасио-Кортес бастаған прогрессившіл қанаттың идеяларын жалғастыру. Мамдани өз кампаниясын әлеуметтік желілерде белсенді жүргізді, миллиондаған жас сайлаушыны жұмылдыра алды. Ол өзін «қарапайым нью-йорктықтардың үні» ретінде көрсетті.

«11 қыркүйектен кейінгі қалада мұсылман мэр»

Бірақ оның жеңісі бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Консерваторлар «мұсылман социалист Нью-Йоркті басқарады» деген фактінің өзін қауіп ретінде қабылдады. Республикалық саясаткерлер Мамданиді «терроризмді ақтаушы» және «антисемит» деп айыптады.

Басты себеп — оның Израиль саясатын сынауы. Мамдани Палестинаны ашық қолдайды, ал АҚШ-тағы дәстүрлі саясатта Израильге қарсы позиция қауіпті деп есептеледі. Сол себепті тіпті Нью-Йорк раввиндерінің бір бөлігі оның сайлануын еврей қауымының қауіпсіздігіне қатер деп атады.

Бірақ соған қарамастан, еврей сайлаушыларының үштен бірі Мамданиға дауыс берді. Бұл – Америка қоғамындағы жаңа құбылыстың белгісі: этникалық немесе діни бірегейлік емес, ортақ әлеуметтік әділет идеясы біріктіретін жаңа саяси тап қалыптасып келеді.

Эндрю Куомо және ескі жүйенің дағдарысы

Мамданидің басты қарсыласы – бұрынғы губернатор Эндрю Куомо. Ол классикалық демократиялық партияның өкілі, тәжірибелі саясаткер еді. Бірақ кейінгі жылдары оған қарсы жыныстық қысым көрсету және жемқорлық айыптары тағылған. Осы факторлар оның беделін әлсіретіп тастаған еді.

Куомо сайлауалды науқанында қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықты уәде етті, бірақ оның риторикасы ескі жүйенің даусындай естілді. Ал Мамдани – TikTok дәуірінің кандидаты. Ол популизм мен утопия арасындағы жұқа шекарада жүріп, әлеуметтік әділет туралы сөйлеген сайын аудиториясын кеңейтті.

Трамп пен Мамдани: қарсы жағы бірдей тұлғалар

Бір қызығы, Дональд Трамп та Мамданидің сайлауына белсенді араласты. Ол социалист кандидатты «коммунист», «Американы жоюшы» деп атады және оның жеңісін «ұлттық масқара» деп бағалады.

АҚШ президенті Нью-Йорк мэрі сайлауындағы Мамданидің жеңісіне қатысты пікір айта отырып, оны тағы да «коммунист» деп атады және қаланың кейбір тұрғындары одан бас тартуы мүмкін екенін айтты. Трамптың айтуынша, Мамданидің жеңісі демократтар арасындағы радикализмнің күшеюін көрсетеді, бірақ ол «бұл жағдайды бақылауға алатынын» мәлімдеді.

Майамидегі бизнес-форумда сөйлеген сөзінде президент Нью-Йоркті «егемендігінің бір бөлігін жоғалтқан қала» деп сипаттап, оқиға ары қарай қалай өрбитінін мұқият бақылайтынын және жаңа мэр әкімшілігіне Вашингтонның ықпалын сақтайтынын атап өтті.

Өз кезегінде Мамдани жеңісінен кейінгі сөзінде бұл мандат демократтардың республикалық партияға, соның ішінде Трампқа қарсы табысты күресе алатынын дәлелдейтінін айтты және қаланың игілігі үшін федералдық билікпен ынтымақтаса жұмыс істеуге уәде берді.

Алайда бұл екі тұлғаның арасындағы айырмашылықтардан гөрі ұқсастықтары көп. Екеуі де — популист. Екеуі де элиталарға қарсы риторика қолданады және өзін «халық дауысы» ретінде көрсетеді. Мамдани мен Трамп — саяси спектрдің екі шетіндегі, бірақ бір психологиялық феноменнің көрінісі: дәстүрлі партияларға сенім жоғалған қоғамда тұлғалар жүйеден маңыздырақ.

Нью-Йорктің таңдауы – әлемдік трендтің бөлігі

Мамданидің жеңісі – АҚШ-тағы ғана емес, бүкіл Батыс әлеміндегі тенденцияның көрінісі. Ұлыбритания, Германия, Франция, Канада сияқты елдерде де солшыл және популистік қозғалыстар жастар арасында күшейіп келеді.

Бұл – капитализмнің әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік мәселелеріне жауап бере алмай отырғанының белгісі. Нью-Йорк мэрін сайлау тарихы – тек бір қаланың оқиғасы емес, XXI ғасырдың жаңа саяси парадигмасының көрінісі.

Зоран Мамдани — қазіргі заманның символы. Ол Трамптың антиподы сияқты көрінгенімен, екеуі де бір құбылыстың айна бейнесі: қоғамда жүйеге деген сенім жоғалғанда, адамдар институттарға емес, харизматикалық тұлғаларға сенеді.

Мамданидің жеңісі – либералдық демократияның әлсіздігін де, бірақ сонымен қатар оның тірі екенін де көрсетеді. Өйткені тек ашық сайлау мен пікір алуандығы бар қоғамда ғана мұндай күтпеген, парадоксалды нәтижелер мүмкін.

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
Жастар және саясат: Қазақстанда Z буыны саясатқа қалай кіреді?
18.09.2025, автор Spik.kz.
70 жылдан бергі шешілмеген түйін: Израиль астанасы қай қала?
22.09.2025, автор Spik.kz.
Қазақ тарихындағы кэнселиң мәдениеті: әділдік құралы ма, жазалау тәсілі ме?
28.10.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Выбор редакции » Зоран Мамдани феномені: Нью-Йорк мэрі неге әлем назарын өзіне аударды?