АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Каспий құбыры төңірегіндегі жанжал: Қазақстан неге наразы, Украина не деп жауап

Каспий құбыры төңірегіндегі жанжал: Қазақстан неге наразы, Украина не деп жауап

Сегодня, 15:24, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Қара теңіздегі екі танкерге жасалған су дрондарының шабуылы мен Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына бағытталған соққы бірнеше күн ішінде Астана мен Киев арасындағы дипломатиялық шиеленіс туғызды. Бұл — әскери операциялардың географиясы кеңейген сайын Қазақстан үшін тәуекелдің де артқанын көрсететін оқиға. Не болғанын түсіндірейік.

Қазақстан үшін КҚК-ның маңызы қандай?

Каспий құбыр консорциумы — Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Жүйе арқылы биыл 54,9 млн тонна мұнай экспортталған, бұл — елдің жалпы экспорт көлемінің шамамен 80 пайызы. Яғни Қазақстан бюджетінің негізгі кірісі дәл осы бағытпен өтеді. КҚК-ның үлес құрылымы да көп нәрсені аңғартады: Қазақстан — 19%, Ресей — 24%, Chevron, ExxonMobil, Shell секілді америкалық және еуропалық алып компаниялар — 15%-ға жуық.

Құбыр 1999 жылы салынып, 2001 жылы алғашқы танкерге мұнай тиеген. Маршрут Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарынан басталып, Ресейдің Новороссийск портына барып тіреледі. Одан әрі мұнай танкерлерге тиеліп, Италия, Нидерланды, Франция, Румыния, Грекия және Қытай нарықтарына жөнелтіледі.
Сондықтан Новороссийск маңындағы кез келген қауіп немесе шабуыл — Қазақстан экономикасының жүрегіне жасалған соққы ретінде қабылдануы заңды.

Шабуылдар қалай болды?

29 қарашада таңғы 06:06-да Новороссийск портына жақын жерде КҚК-ның теңіз инфрақұрылымына дрондармен шабуыл жасалды. Бұл жариялаған видеоларда Kairos және Virat танкерлеріне дрондардың жақындап келіп, жарылған сәті анық көрінеді. Екі танкер де Гамбия туымен жүрген және Ресейдің «көлеңкелі флотына» жатқызылған. OpenSanctions базасы олардың батыс санкцияларын айналып өту үшін пайдаланылғанын айтады.

Түркия билігінің мәліметінше, шабуылдар Анкараның ерекше экономикалық аймағында болған. Kairos қатты зақымданып, өртті сөндіруге түрік құтқару кемелері қатысқан. Virat келесі күні тағы бір рет соққы алғанымен, ауыр зардап болмаған.

Украин қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздер Sea Baby теңіз дрондарын қолданғанын растаған. Бұл – Украина әскерінің Ресейдің мұнай экспортын тежеуге бағытталған арнайы операцияларының бірі.

Бұл — 2022 жылдан бергі үшінші соққы. Бұған дейін Украина порттағы әскери кемелерді нысанаға алған, бірақ КҚК терминалы да қатар зақымдалып отырған.

Қазақстанның наразылығы

Оқиғадан кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украинаға ресми наразылық жолдады.
Наразылық мәтінінде бұл — үшінші шабуыл екені, оқиға екіжақты қарым-қатынасқа зиян келтіретіні және болашақта мұндай жағдайды болдырмау үшін Украинадан нақты шара күтетініміз айтылды. СІМ өкілі Айбек Смадияров бұл әрекетке “қатты алаңдаушылық туғанын” мәлімдеді.

Қазақстанның реакциясы түсінікті: Новороссийск порты — елдің басты экспорт жолы, бұл инфрақұрылымға төнген кез келген қауіп ұлттық экономикалық қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.

Украинаның жауабы: “Қазақстанға қарсы бағытталған жоқ”

Киев көп күттірмей жауап берді. Украина СІМ:
• “біздің ешқандай әрекетіміз Қазақстанға немесе үшінші елдерге қарсы бағытталмаған”,
• “барлық күш-жігер Ресей агрессиясын тоқтатуға жұмылдырылған”,
• “Қара теңіздегі тұрақсыздықтың жалғыз себебі — Ресей агрессиясы”
деп мәлімдеді.

Сонымен бірге Украина Қазақстанның Ресейдің Украинадағы бейбіт нысандарға жасаған соққыларын айыптамағанын да еске салды. Бірақ Киев “қазақ халқына деген құрмет өзгермейді” деп атап өтті.

Даудың түп-төркіні неде?

Бұл дипломатиялық шиеленістің астарында бірнеше фактор бар. Қазақстан мұнайы әлемдік нарыққа іс жүзінде бір ғана бағытпен — КҚК арқылы шығады. Сол себепті кез келген соққы ел үшін стратегиялық қатер. Сондай-ақ Киев енді тек әскери кемелерді емес, Ресейдің мұнай тасымалына қатысы бар инфрақұрылым мен “көлеңкелі флот” кемелерін де нысанаға алып отыр. Мақсат — Мәскеудің қаржылық мүмкіндігін шектеу.

Қазақстан Ресеймен де, Украинамен де жақсы қарым-қатынасты сақтауға тырысады. Бір тарапты ашық айыптау немесе қолдау екінші тараппен байланысты қиындатады. Ал Түркияның шабуылды тікелей айыптауы — Қара теңіздегі жағдайдың өңірлік сипат алып бара жатқанын көрсетеді.

Осылайша Қазақстан КҚК инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі және Украинадан да, Ресейден де Қара теңіздегі операциялардың осы инфрақұрылымға әсерін ескеруді талап етуі ықтимал. Украина өз тактикасын өзгертпей отыр — Ресейдің мұнай тасымалын шектеу олар үшін соғыстың ажырамас бөлігі. Ал Ресей Новороссийск портын әскери және логистикалық нысан ретінде пайдалана берген сайын, инфрақұрылым соққыға ұшырау қаупі сақталады.

Қорытсақ, бұл даудың негізгі себебі — әскери әрекеттер емес, геоэкономикалық тәуелділіктер. Қара теңіздегі әрбір дрондық шабуылдың әсері енді тек Ресей мен Украинаға ғана емес, Қазақстан экономикасына да тікелей тиіп отыр. Сондықтан Астананың алаңдаушылығы — дипломатиялық сыпайылық емес, нақты экономикалық қауіптің көрінісі десек болар.

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Женевадағы келіссөздер: Трамп жоспары өзгере ме, Еуропа қандай балама ұсынды?
25.11.2025, автор Spik.kz.
Трамптың «бейбіт жоспары»: Украина үшін қысым, Ресей үшін бонус, әлем үшін жаңа қауіптер
24.11.2025, автор Spik.kz.
Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
Трамп Венесуэлаға неге шүйлікті? Есірткімен күрес пе, әлде режимді ауыстыру ма?
16.10.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Выбор редакции » Каспий құбыры төңірегіндегі жанжал: Қазақстан неге наразы, Украина не деп жауап