АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Берлиндегі тұйық: Еуропа мен АҚШ-тың әуре-сарсаңға айналған келіссөздері

Берлиндегі тұйық: Еуропа мен АҚШ-тың әуре-сарсаңға айналған келіссөздері

Сегодня, 14:47, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Берлинде өткен Украина, АҚШ және Еуропа одағы басшыларының келіссөздері алғашында соғысты тоқтатуға бір табан жақындататындай әсер қалдырды. Америкалық ресми дереккөздер «бейбітшілікке кедергі болып тұрған мәселелердің 90 пайызы шешілді» деп мәлімдеді. Алайда келіссөздер аяқталған соң негізгі сұрақтар – соғыстың нақты қалай және қашан тоқтайтыны, сондай-ақ ұсынылған кепілдіктердің шынайы құны – бұрынғыдан да күмәнді күйде қалды.

Қауіпсіздік кепілдігі: НАТО-сыз НАТО

Келіссөздердің өзегіне айналған басты мәселе – Украинаның болашақ қауіпсіздігі. АҚШ пен Еуропа ұсынған жоспар Украинаға НАТО Жарғысының 5-бабына ұқсас кепілдіктер беруді көздейді. Яғни Украинаға жасалған ықтимал шабуыл Батыс тарапынан ұжымдық жауапқа себеп болуы тиіс.

Алайда бұл кепілдіктердің формальды түрде НАТО мүшелігімен бекітілмеуі – жоспардың ең әлсіз тұсы. Украинадан НАТО-ға ресми кіруден бас тарту талап етіледі, ал оның орнына құқықтық тұрғыдан міндетті, бірақ саяси жағынан әлдеқайда икемді тетік ұсынылып отыр. Бұл Батыс үшін тәуекелді азайтса, Киев үшін ұзақмерзімді сенімсіздік тудырады.

Еуропалық әскер және америкалық барлау

Жоспардың тағы бір маңызды тармағы – Украина аумағында еуропалық күштердің орналасуы. Бұл көпұлтты контингент әуе және теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуі тиіс. Сонымен қатар АҚШ барлау деректерін кеңінен пайдалану қарастырылған.
Қағаз жүзінде бұл Ресейдің болашақ шабуылын тежеуге бағытталған пәрменді құрал болып көрінеді. Бірақ мұнда да ашық сұрақ көп: бұл күштер нақты қай аумақтарға орналасады, олардың мандаты қандай болады және ең бастысы – Ресей шабуыл жасаған жағдайда олар тікелей соғысқа араласа ма? АҚШ пен Еуропа бұл сұрақтарға нақты жауап беруден әлі де қашқақтап отыр.

Донбасс: шешілмеген түйін

Берлиндегі келіссөздерде ең ауыр мәселе – Донбасс тағдыры. Америкалық шенеуніктер бұл аумақта еркін экономикалық аймақ құру идеясын ұсынған. Теориялық тұрғыдан бұл экономикалық ынталандыру арқылы қақтығысты «жұмсартуға» бағытталған қадам ретінде көрсетіледі.

Алайда тәжірибеде бұл ұсыныстың қалай жүзеге асатыны белгісіз. Ресей президенті Владимир Путин Донецк пен Луганск облыстары қалай болғанда да Ресей бақылауына өтеді деп бірнеше рет ашық мәлімдеді. Бұл жағдайда экономикалық аймақ туралы идея Кремль үшін мәнсіз болып көрінеді.

Кремльдің позициясы: қысқарған жоспар, азайған үміт

Мәскеу Берлинде талқыланған жаңа ұсыныстарға әзірге ресми жауап берген жоқ. Бірақ Кремль АҚШ бір ай бұрын дайындаған 28 тармақтан тұратын бастапқы жоспарды негізге алуды талап етіп отыр. Қазіргі нұсқада ол жоспар 20 тармаққа дейін қысқарған.

Бұл өзгерістер Ресейдің талаптарын ескеруден гөрі, Батыс ішіндегі ымыраға көбірек ұқсайды. Сондықтан Кремльдің бұл түзетулерді ықыласпен қабылдауы екіталай.

АҚШ-тың сенімі қайдан шықты?

Вашингтонда «Путин бұл жоспарды қолдайды» деген сенім бар екені айтылды. Алайда бұл сенімнің нақты негізі түсіндірілген жоқ. Керісінше, Ресей бұған дейін НАТО әскерінің Украина аумағында кез келген форматта орналасуына үзілді-кесілді қарсы болған.

Осы тұрғыдан алғанда, Берлиндегі келіссөздер Батыстың өз ішінде ортақ ұстаным қалыптастыруға көбірек бағытталғандай көрінеді. Украина мүддесі екінші кезекке ысырылып, Киевке ауыр саяси таңдау ұсынылып отыр: қауіпсіздік кепілдігіне айырбас ретінде аумақтық және стратегиялық шегініс.

Тұйықтан шығатын жол бар ма?

Берлин кездесуі соғысты тоқтататын нақты шешімнен гөрі, Батыстың шектеулерін айқын көрсетті. АҚШ пен Еуропа Украинаға толыққанды НАТО мүшелігін беруге дайын емес, бірақ соғыстың жалғасуын да қаламайды. Ал Ресей өз талаптарынан бас тартуға әзір емес.

Осы үш позицияның түйіспейтін тұсында Берлиндегі келіссөздер тұйыққа тірелді. Қазіргі ұсынылған жоспар соғысты тоқтатудан гөрі, оны «басқарылатын күйге» көшіруге ұқсайды. Бұл – бейбітшілік емес, тек уақытша тыныштық болуы мүмкін.

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

Трамптың «бейбіт жоспары»: Украина үшін қысым, Ресей үшін бонус, әлем үшін жаңа қауіптер
24.11.2025, автор Spik.kz.
Женевадағы келіссөздер: Трамп жоспары өзгере ме, Еуропа қандай балама ұсынды?
24.11.2025, автор Spik.kz.
«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Трамп, Зеленский және еуропалық жетекшілер кездесуі: Ақ үй қабырғасында не талқыланды?
20.08.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Выбор редакции » Берлиндегі тұйық: Еуропа мен АҚШ-тың әуре-сарсаңға айналған келіссөздері