АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Қазақ қамшыны әйеліне сес көрсету үшін төрге ілген бе?

Қазақ қамшыны әйеліне сес көрсету үшін төрге ілген бе?

Сегодня, 16:40, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Қазақ тұрмысындағы әрбір заттың өзіндік орны, мән-мағынасы бар. Солардың ішінде қамшы тек қана мал айдайтын немесе жауға қарсы қолданылатын құрал емес, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени рәміз қызметін атқарған. Бірақ бүгінде көпшілік арасында, әсіресе діни риторикада «қазақтар қамшыны төрге әйеліне сес көрсету үшін ілген» деген түсінік жиі айтылады. Шын мәнінде бұл қаншалықты рас? Мақаламызда бұл дәстүрді түсіндіріп көрейік.

Қамшының төрдегі орны

Өнертанушы Әлкей Марғұлан «Қазақтың халықтық мәдениеті» еңбегінде қамшыны ер-азаматтың символы ретінде сипаттайды. Үйдің төрінде ілулі тұрған қамшы — сол үйдің иесі бар екенін, шаңырақтың қожайыны бар екенін білдіретін белгі болған. Қамшы ілінген төр — құрметті орын, кез келген қонаққа да, балаға да «бұл үйдің иесі бар» дегенді аңғартқан.

Ыбырай Алтынсарин да өз жазбаларында қазақ тұрмысын сипаттағанда «төрде әрқашан қамшы ілулі тұрады, ол – үй иесінің барын білдіретін дәстүр» деп жазады («Орынбор ведомостарына жазған жазбаларында»). Бұл жерде қамшының әлеуметтік мәртебелік рөлі айқын көрінеді.

Әйелге сес көрсету ме, әлде қоғамдағы тәртіп пе?

Кейінгі кезеңдерде, әсіресе кеңес заманында, фольклорлық әңгімелерде «қамшыны төрге ілсе, бұл әйеліне ескерту» деген түсіндіру пайда болды. Бұл түсінік халық жадында сақталғанымен, этнографиялық нақты деректер мұны дәлелдей қоймайды. Марғұлан мен Қасқабасов еңбектерінде қамшы — үй иесінің беделін көрсететін рәміз ретінде ғана түсіндіріледі.

Әйелге тікелей сес көрсету үшін қолданылған деген тұжырымды тарихи-этнографиялық жазбалар растамайды. Қамшы — қоғамдық қатынастағы тәртіп құралы: ұрлық жасағанды қамшымен жазалау, айтыста қамшы тастау арқылы төрелік сұрау сияқты құқықтық, әлеуметтік қызмет атқарған.

Қазақта төрде ілінген қамшы — үй иесінің барын білдіретін рәміз. Ол әйелге жасалған сес емес, қайта ер-азаматтың шаңырақтағы орнын бейнелейтін мәдени белгі. Әйелге қамшымен үстемдік жүргізу немесе қорқыту — кейінгі уақыттағы халықтық түсіндірмелердің ықпалы. Ал дәстүрлі қоғамда қамшы — билік, бедел мен тәртіптің нышаны болған.

Қамшының құқықтық мәні

Қазақ қоғамында қамшы тек тұрмыстық құрал емес, құқықтық белгі ретінде де қолданылған. Мысалы, даулы мәселелерде би алдына қамшы тастау — төрелік сұраудың айғағы болған.

Бұл дәстүрді этнограф Сейіт Қасқабасов «қазақ ауыз әдебиетіндегі құқықтық нормалардың көрінісі» деп сипаттайды. Демек, қамшы — әділдікке жүгінудің, заңдылықтың да нышаны болған.
Салт-дәстүр мен ырымдардағы қамшы

Қамшы түрлі ырым-тыйымдарда да кездеседі. Мәселен, қазақ келін түсіргенде жас жұбайлардың босағасына қамшы іліп қою арқылы жын-шайтаннан қорғайды деген сенім болған. Сондай-ақ, жас нәрестенің бесігіне кішкентай қамшы қыстыру — жамандықтан сақтаудың бір жолы. Бұл деректерді Ш.Уәлихановтың жазбаларынан кездестіруге болады.

Қамшының төрдегі рәміздік орны бүгінгі қоғамда да жалғасын тауып отыр. Бірақ оның бастапқы мәні көп жағдайда бұрмаланып, әйелді «қорқыту құралы» деген түсіндірмелермен шатастырылып жүр. Шын мәнінде, этнографиялық деректерге сүйенсек, қазақтар үшін қамшы — ер азаматтың абыройы мен шаңырақтағы орнын бейнелейтін, құқықтық әрі рухани мәнге ие мәдени мұра.

Академик Сейіт Қасқабасов «Ойөріс» атты фольклортану еңбегінде қамшының мистицизммен байланысы анық айтылады. Бірақ мұнда әйелді ұру емес, шайтаннан сақтану, өмірін аман алып қалу үшін символдық тұрғыда қолданылғанын байқаймыз. Кітаптан үзінді мынау:

Н.Ф.Катанов материалдарынан төмендегідей мәліметтерді оқимыз. "Әйелдің босанатын мезгілі жеткенде, оны жын тұншықтырады... Егер жынды қуатын адам болмаса, онда әйел өледі. Жынды қуатын (сөзбе сөз айтқанда сабайтын) адамдар бар... Қуа алатын адам өзінің шапанын немесе белбеуін, не тақиясын біреуден беріп жібереді, бұл жіберілген кісі үйге кірісімен, жын қашады. Егер жын кетпесе, қуатын адам өзі келеді. Кейбір жындар күшті болады. Жын әйелдің өкпесін алады да, суға барады. (астын сызған біз — С.Қ.). Егер жынды ұстап алып, оған суға жетуге мүмкіндік бермей, куып жетіп, қайырып, содан кейін үйді тобылғы сапты қамшымен ұрып және "жібер, жібер!" — деп айқайласа, сонда әйел өмірге қайта оралады. Егер жын суға жетсе және "өкпені су ішінде шайқаса. онда әйел өледі". Кейбіреулер оны (яғни, жынды) сабайды, кейбіреулерден ол, көзге түспей, қашқалақтайды. Егер үйір ішінде көздері ақ шаңқан ақ жылқы болса, бұл жылқыны үйдің қасына жетектеп әкеледі. Бұл жылқы, жынды көргесін, үйге өзі кіреді (астын сызған біз — С.Қ)- Жын, бұл жылқыдан қорқып, қашады..."

Қамшы ілудің тағы бір мәні

Этнограф Жақанқызы Г. “Дәстүр” журналында 2015 жылы шыққан мақаласында төрг е қамшы ілудің мәнін былай түсіндірген:

“Бұл дәстүр көбінесе құдалыққа, қыз айттыруға байланысты орындалған. Жігіттің әкесі немесе ағайын-туысы ауылдың сыйлы азаматтарына жолығып, шаруасын баяндайды. Жанашырлары ақыл қосып, қыздың бар-жоғын, отбасының жағдайын анықтайды. Әрине, болашақ құдалардың текті, беделді әулеттен болуын әркім де қалаған. Сөйтіп, жігіт жағы қыздың әкесінің үйіне арнайы барады. Қонақасы беріліп, сый-құрмет көрсетілгеннен кейін, жігіт жақ қамшысын үйдің төріне іліп кетеді.

Қыз әкесі келген кісілердің атын-жөнін, ата-тегін сұрастырып, тиісті жауабын береді. Ілінген қамшының уақыты бір жылға дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт ішінде қыз бен жігіт келісіп, егер көңілдері жарасса, жігіт жағы айттырып келеді. Ал егер қыздың басы бос болмаса немесе әкесі қызын бергісі келмесе, қамшы иесіне қайтарылады. Мұндай жағдайда жігіт әкесі ренжімейді, себебі бұл – ата-бабадан жалғасқан салттың жолы”.

Қорытындылай келгенде, қазақтың тұрмыс-тіршілігінде қамшының орны ерекше болған. Ол тек мал айдайтын құрал немесе күш көрсету белгісі емес, керісінше шаңырақ иесінің беделі мен мәртебесін бейнелейтін рәміз, қоғамдық тәртіп пен құқықтық қатынастардың айғағы, сондай-ақ ырым-тыйымдарда қорғаушы құрал ретінде қолданылған. «Қамшыны төрге әйелге сес көрсету үшін ілген» деген пікір тарихи-этнографиялық деректерге сай келмейді. Бұл кейінгі дәуірде пайда болған түсіндірулердің бірі ғана. Негізінде төрде ілінген қамшы — ер азаматтың абыройы мен шаңырақтағы орнын білдіретін мәдени мұра. Сондықтан қамшыға қатысты дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ дұрыс түсініп, оның шынайы мәнін қадірлей білуі маңызды.

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
Трамп Үндістанды Ресеймен сауда үшін қыспаққа алғысы келді, бірақ...
6.08.2025, автор Spik.kz.
Армения мен Әзербайжан: күтпеген бейбіт саммит Трампқа не береді?
11.08.2025, автор Spik.kz.
4 күндік қақтығыстың мәні: Таиланд пен Камбоджа келіссөзге келісті
29.07.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Выбор редакции » Қазақ қамшыны әйеліне сес көрсету үшін төрге ілген бе?