АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

«Бостандық флотилиясы» төңірегіндегі жанжал: гуманитарлық көмек пе, әлде саяси арандату ма?

«Бостандық флотилиясы» төңірегіндегі жанжал: гуманитарлық көмек пе, әлде саяси арандату ма?

6.10.2025, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Израиль әскері Грета Тунберг бастаған белсенділер мінген кемелерді ұстады. Бұл оқиға Таяу Шығыстағы ең күрделі мәселелердің бірін — Газа секторындағы блокаданы және халықаралық қауымдастықтың оған деген көзқарасын қайтадан алдыңғы қатарға шығарды. Мақаламызда «Бостандық флотилиясы» төңірегіндегі жанжал неден басталғанын және қазіргі жай-күйі туралы баяндаймыз.

Флотилия деген не?

«Бостандық флотилиясы» немесе ресми атауымен «Жаһандық Сумуд флотилиясы» — әлемнің түрлі елдерінен жиналған белсенділердің бастамасы. Олар гуманитарлық жүкті — азық-түлік пен дәрі-дәрмекті Газадағы бейбіт халыққа теңіз арқылы жеткізуді мақсат тұтқан.

Бірақ бұл идеяның айналасында жылдар бойы үлкен даулар шығып келеді. Израиль Газаға теңіз арқылы кез келген жүкті кіргізуге қатаң шектеу қояды. Себебі, ел билігінің айтуынша, жүк ішінде қару-жарақ немесе ХАМАС-қа көмек болатын басқа да материалдар болуы мүмкін.

Грета Тунбергтің қатысуы

Бұл жолы да, бұған дейін де флотилияға ең көп назар аудартқан фактор — швед экобелсендісі Грета Тунбергтің қатысуы. Ол әлеуметтік желілерде Израиль Әскери-теңіз күштерінің кемелерді тоқтатуға әрекет жасап жатқанын айтып, бұл қадамды «гуманитарлық және теңіз құқығын өрескел бұзу» деп сипаттады.

Израиль Сыртқы істер министрлігі кемелердің ұсталғанын растап, Грета мен оның серіктері аман-есен екенін хабарлады. Белсенділерді Еуропаға депортациялау жоспарланып отыр.

Флотилия ұйымдастырушыларының айтуынша, тосып алынған кемелер Газа секторы жағалауынан 70 теңіз милі (126 км-ден астам) қашықтықта болған және олар бейсенбі таңына қарай жағалауға жетуді жоспарлаған. Олар израильдік теңіз күштерін флотилия кемелерінің байланысын өшіріп, перехват сәтін әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетуге мүмкіндік бермеді деп айыптады.

Израиль маусым мен шілде айларында екі рет про-палестиналық белсенділердің Газаның теңіз қоршауын бұзып өтуге талпыныстарын тоқтатып, кемелерді ұстап, оларда болғандарды, соның ішінде Грета Тунбергті де, кейін Еуропаға депортациялаған еді.

Израильдің уәжі

Израиль бұл флотилияны «гуманитарлық бастама емес, саяси арандату» деп санайды. Олардың айтуынша, Газаға көмек жеткізудің ресми әрі қауіпсіз жолдары бар, ал белсенділер соларды пайдаланудан әдейі бас тартқан.

Сонымен бірге Израиль СІМ өкілдері алғаш рет құжаттар жариялап, флотилияны қаржыландыру мен ұйымдастыруда ХАМАС-тың қатысы барын дәлелдейтін айғақтарды ұсынды. Құжаттарда ХАМАС-тың шетелдегі ұйымдары — әсіресе Израильде террористік деп танылған Шетелдегі палестиналықтардың халықтық конференциясы (PCPA) аталады.

Жарияланған деректердің арасында 2021 жылы ХАМАС саяси бюросының басшысы Исмаил Хания қол қойған хат және операцияға қатысы бар делінген тұлғалардың тізімі бар. Израиль бұл флотилиядағы кейбір кемелер ХАМАС-қа тиесілі компанияларға тіркелгенін де мәлімдеді.

Халықаралық реакция

Флотилияның ұсталуына жауап ретінде Еуропаның бірнеше қаласында — Флоренция, Берлин, Париж, Рим, Брюссель, Афина, Барселонада, сондай-ақ Анкара мен Стамбұлда жаппай наразылық шерулері өтті. Италияда наразылар теміржол жолдарын бөгеді. Ал Стамбұл мен Барселонада мыңдаған адам Израиль консулдықтарының алдына шықты. Анкарада халық АҚШ елшілігі алдында наразылық білдірді.

Бұл — Газа мәселесінің тек Таяу Шығыс қана емес, бүкіл Еуропада да қоғамды екіге жарып тұрғанын көрсетеді.

Контекст: неге Газаға теңіз блокадасы қойылған?

Газа секторы 2007 жылдан бері Израильдің теңіз және құрлық блокадасында. Сол жылы палестиналық саяси-әскери ұйым ХАМАС аймақты бақылауына алған. Израиль мен Мысыр Газаға кіретін тауарлар мен адамдарды қатаң бақылауда ұстайды. Ресми уәж — ХАМАС-қа қару мен қаржылық қолдаудың түсуін болдырмау.

Алайда халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл шектеулер Газа тұрғындарының күнделікті өмірін қиындатып, гуманитарлық дағдарысты тереңдетіп отырғанын айтады.

«Бостандық флотилиясы» төңірегіндегі жанжал — Таяу Шығыстағы ұзаққа созылған түйінді жағдайдың шағын көрінісі. Бір тарап бұл әрекетті бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізу деп бағаласа, екінші тарап оны террористік ұйымдардың мүддесін жасыратын саяси шоу деп санайды.

Израильдің қолындағы айғақтар мен Еуропадағы наразылықтар бұл тақырыптың алдағы аптада да халықаралық күн тәртібінде қалатынын көрсетеді.

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Жастар және саясат: Қазақстанда Z буыны саясатқа қалай кіреді?
18.09.2025, автор Spik.kz.
Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
Армения мен Әзербайжан: күтпеген бейбіт саммит Трампқа не береді?
11.08.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Взгляд » «Бостандық флотилиясы» төңірегіндегі жанжал: гуманитарлық көмек пе, әлде саяси арандату ма?