АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаға қандай сөздер айтпау керек? Психолог кеңестері

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаға қандай сөздер айтпау керек?  Психолог кеңестері

8.09.2025, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Spik.kz тілшісі Ермек Нұрымовпен сөйлесіп, балалардың зорлық-зомбылық жағдайынан кейінгі психологиялық күйі және оны еңсерудің жолдары туралы пікірін білді. Психологтың айтуынша, ең бастысы – баланың эмоционалды қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ермек Нұрымовтың сөзінше, мұндай жағдайды бастан өткерген бала көбіне өзін кінәлі сезінеді. Ол қорқыныш, ұялу, күйзеліс сияқты ауыр сезімдерді бастан кешеді.

«Ата-ана ең әуелі баласына сенетінін, оны қорғауға дайын екенін көрсетуі тиіс. Әңгімесін бөлмей, қысымсыз тыңдау – балаға берілетін ең үлкен қолдау», – дейді маман.

Психолог ата-аналарға қайта-қайта сұрақ қойып, жарақатты еске салмауды ескертеді. Керісінше, күнделікті өмірде жылы қарым-қатынас жасап, «сен кінәлі емессің» дегенді сездіру маңызды. Егер балада үрей, агрессия, ұйқының бұзылуы немесе мектепке барудан қашу байқалса, кәсіби көмекке жүгіну қажет.

Ермек Нұрымовтың айтуынша, дұрыс жол – баланың эмоциясын қабылдау. «Сен қорқып тұрсың, сен ренжіп тұрсың, мен сені түсінемін» деген сөздер баланың жалғыз еместігін сезіндіреді. Сонымен қатар, баланы қайтадан мектепке, оқуға қызықтыру үшін қолдау шараларын жасау қажет. Ойын мен шығармашылық арқылы ішкі күйін шығаруға мүмкіндік беру де пайдалы.

Ал бұрыс тәсіл – баланың сезімін елемей, «ұмытасың», «бәріне сондай болады» деп қарау. Психолог мұның баланың жан дүниесіне ауыр соққы болатынын айтады. Сондай-ақ агрессияға агрессиямен жауап беру, яғни «баламды ұрғанды мен де ұрамын» деу мәселені шешпейді, қайта зорлық-зомбылықтың жаңа шеңберін қалыптастырады.

Маман пікірінше, мұғалімдер қоғамдағы ең маңызды әрі жауапты мамандардың бірі болғанымен, жұмыс барысында үлкен психологиялық қысымға тап болады. Құжат толтыру, ата-аналардың жоғары талабы, жүктеменің артуы – педагогтердің эмоционалды қажуын күшейтеді. Бірақ бұл ешқашан зорлық-зомбылыққа себеп болмауы тиіс. «Мұғалімнің балаға қол көтеруі – кәсіби әлсіздіктің белгісі», – дейді Ермек Нұрымов.

Оның айтуынша, кей педагогтер әлі де «тәртіпті күшпен орнатуға болады» деген қате көзқарастан арыла алмай отыр. Бұл олардың педагогикалық мәдениеті мен психологиялық дайындығының жеткіліксіздігін көрсетеді. Маман мұндай жағдайды азайту үшін мұғалімдерге жүйелі психологиялық қолдау, стресс-менеджмент тренингтері және балалармен сенімге негізделген қарым-қатынас құруға арналған курстар қажет екенін атап өтті.

Қорытындылай келе, Ермек Нұрымов баланың эмоционалды қауіпсіздігін қорғау – ата-ана мен мұғалімнің ортақ міндеті екенін айтады. Зорлық-зомбылық ешқашан шешім емес, керісінше жаңа проблемаларға жол ашады. Сондықтан басты талап – сенім мен қолдауға негізделген қарым-қатынас қалыптастыру.

Сұхбат алған Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
Трамп, Зеленский және еуропалық жетекшілер кездесуі: Ақ үй қабырғасында не талқыланды?
20.08.2025, автор Spik.kz.
Армения мен Әзербайжан: күтпеген бейбіт саммит Трампқа не береді?
11.08.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Взгляд » Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаға қандай сөздер айтпау керек? Психолог кеңестері