АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Грин карта тоқтады: Браун университетіндегі атыстан кейін АҚШ билігі қалай әрекет етеді?

Грин карта тоқтады: Браун университетіндегі атыстан кейін АҚШ билігі қалай әрекет етеді?

Сегодня, 15:32, автор Spik.kz.

RU KZ EN
АҚШ-тағы Браун университеті маңында болған қанды оқиға тек университет қауымдастығын ғана емес, бүкіл елдің иммиграциялық саясатына қатысты пікірталасты қайта ушықтырды. 13 желтоқсанда Род-Айленд штатының Провиденс қаласында, емтихан кезінде университет ғимараттарының бірінде орын алған атыс салдарынан кемінде екі адам қаза тауып, сегіз адам ауыр жарақат алды. Осы оқиғадан кейін АҚШ билігі Diversity Visa Lottery (DV) — грин-карта ұтыс ойыны бағдарламасын уақытша тоқтататынын мәлімдеді.

Бұл шешім АҚШ-тағы қарулы зорлық-зомбылық пен иммиграция мәселесінің бір-бірімен қалай байланыстырылатынын және саяси шешімдердің қандай контексте қабылданатынын айқын көрсетіп отыр.

Университет кампусындағы үрей

Атыс Браун университетінің инженерия және физика факультетіне тиесілі ғимараттың бірінші қабатындағы аудиториялардың бірінде болған. Студенттердің айтуынша, полиция операциясы аяқталғанша олар екі сағатқа жуық парта астында тығылып отыруға мәжбүр болған. Университет президенті Кристина Паксон кампус аумағында толық локдаун жарияланғанын айтып, студенттерді қауіпсіз орындарда қалуға шақырды.

Жарақат алған сегіз адам ауруханаға жеткізіліп, жағдайлары «ауыр, бірақ тұрақты» деп бағаланды. Провиденс полициясы күдікті туралы нақты сипаттама ретінде тек «қара киінген ер адам» деген мәліметті ғана растады. Кейінірек белгілі болғандай, атыс жасаған адам — 48 жастағы португалиялық Клаудио Невеш Валенте.

Валенте кім еді?

Тергеу деректеріне сәйкес, Клаудио Невеш Валенте АҚШ-қа DV1 визасы арқылы, яғни грин-карта лотереясын ұтып алу нәтижесінде келген. Ол Браун университетінде білім алған. Құқық қорғау органдары оны 15 желтоқсанда Массачусетс технологиялық институтының профессоры Нуну Лурейрудің өлтірілуімен де байланысты деп санайды. Бірнеше күннен соң Валентенің өзі Нью-Гэмпшир штатынан өлі күйінде табылды.

Осы фактілер АҚШ-та иммигранттардың қауіпсіздікке қатері бар деген ескі дискурсты қайта тірілтті.

Трамптың шешімі және DV-лотереяның тағдыры

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің айтуынша, президент Дональд Трамптың тапсырмасымен Diversity Lottery бағдарламасы уақытша тоқтатылды. Министр бұл шешімді «апатты бағдарлама салдарынан енді бірде-бір америкалық зардап шекпеуі үшін қабылданған қадам» деп түсіндірді.

Трамп DV-лотереяға бұрыннан қарсы. Ол өзінің алғашқы президенттік мерзімінде-ақ бұл бағдарламаны «қауіпсіздікке қатер төндіреді» деп сынаған болатын. Биыл әдетте қараша айында басталатын өтінім қабылдау мүлде іске қосылмады — бұл шешімнің алдын ала жоспарланғанын да аңғартады.

Алайда сарапшылар DV-лотерея арқылы келген иммигранттардың қылмысқа бейімділігі басқа иммиграциялық арналардан келгендерге қарағанда жоғары екенін дәлелдейтін жүйелі статистика жоқ екенін алға тартады. Осы тұрғыдан алғанда, бір адамның қылмысы тұтас бағдарламаның тоқтатылуына негіз бола ма деген сұрақ туындайды.

DV-лотерея: мүмкіндік пе, әлде иллюзия ма?

Грин-карта — шетел азаматтарына АҚШ-та тұрақты тұруға және жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат. Оны некеге тұру, отбасымен қайта қосылу, жұмыс берушінің өтініші немесе босқын мәртебесі арқылы алуға болады. Ал DV-лотерея — осы мүмкіндіктердің ішіндегі ең «демократиялық» жол ретінде ұсынылып келді.

Алайда жыл сайын іріктелген 120–125 мың үміткердің тек шамамен 55 мыңы ғана иммиграциялық виза алады. Қалғандары сұхбаттан өте алмайды, құжаттарын уақытында тапсырмайды немесе көшу ойынан өз еркімен бас тартады. Яғни грин-карта ұтысы — автоматты түрде жаңа өмірдің басталуы емес.

Қазақстан және Орталық Азия контексті

АҚШ Мемлекеттік департаментінің дерегінше, бір жылда грин-картаны 1977 қазақстандық ұтып алған. Салыстыру үшін: 2012 жылы небәрі 434 қазақстандық жеңімпаз атанса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2004 адамға жеткен. Өтінім берушілер саны да күрт өскен: 2013 жылы 17,5 мың болса, 2021 жылы 67,5 мыңнан асты.

Дегенмен, Қазақстан Орталық Азияда DV-лотереяға қызығушылық бойынша көшбасшы емес. Бұл атақ — Өзбекстанға тиесілі. Пандемияға дейін жыл сайын 1,5 миллионнан астам өзбекстандық лотереяға қатысқан. 2025 жылы әлем бойынша ең көп жеңімпаз да осы елден шықты — 5564 адам.

Түрікменстан мен Тәжікстанда да грин-картаға сұраныс жоғары. Тәжікстанда тіпті лотерея маусымы кезінде арнайы анкета толтыратын уақытша пункттер ашылып, бұл құбылыс тұрмыстық деңгейде мифтер мен ырымдарға дейін ұласқан.

Қорытынды: бір оқиға — жүйелі шешім бе?

Браун университетіндегі атыс — ауыр трагедия. Алайда оны DV-лотерея бағдарламасын тоқтатуға басты себеп ету — саяси шешімнің символдық сипатын көрсетеді. Бұл қадам АҚШ-та иммиграция мәселесінің қауіпсіздікпен, қоғамдық қорқынышпен және электоралдық есеппен қаншалықты тығыз байланысқанын айқын аңғартады.

Грин-карта лотереясы көптеген ел үшін «америкалық арманның» соңғы үміті болып қала берді. Ал оның тоқтатылуы — тек иммиграциялық саясаттың өзгеруі емес, миллиондаған адамның үмітіне соққы болуы мүмкін. Ең басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр: жеке бір қылмыс үшін тұтас жүйені жабу — қауіпсіздікке апарар жол ма, әлде қорқынышқа негізделген саяси реакция ма?

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Сиднейдегі қырғын: Аустралияны есеңгіреткен терактіге кім жауапты?
19.12.2025, автор Spik.kz.
Жастар және саясат: Қазақстанда Z буыны саясатқа қалай кіреді?
18.09.2025, автор Spik.kz.
Армения мен Әзербайжан: күтпеген бейбіт саммит Трампқа не береді?
11.08.2025, автор Spik.kz.
Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Выбор редакции » Грин карта тоқтады: Браун университетіндегі атыстан кейін АҚШ билігі қалай әрекет етеді?