АНАЛИТИЧЕСКИЙ ПОРТАЛ

Балтық шебі: неге бұл аймақ туралы алаңдаушылық бар және соғыс сценарийлері қандай?

Балтық шебі: неге бұл аймақ туралы алаңдаушылық бар және соғыс сценарийлері қандай?

30.10.2025, автор Spik.kz.

RU KZ EN
Кейінгі жылдары Еуропадағы қауіпсіздік тақырыбы айтылғанда, жиі аталатын ұғым — Балтық елдері. Эстония, Латвия және Литва — НАТО-ға мүше, альянстың солтүстік-шығыс шебінде орналасқан мемлекеттер — Украинадағы соғыстан кейінгі геосаяси шиеленістің ортасында қалды. Бұған НАТО күштерінің аймақта көбеюі, Финляндия мен Швецияның альянсқа қосылуы, сонымен қатар Еуропа елдерінің өз ішінде қабылдап жатқан шаралары дәлел: тұрғындарға арналған төтенше жағдай нұсқаулықтары, қорғаныс нысандарының кеңеюі, мобилизациялық бағдарламалар. Ендеше, Ресейге мұндай соғыс не үшін керек болуы мүмкін және ол қалай өрбуі ықтимал?

Ресейге (немесе Путинге) «жаңа дағдарыс» не үшін қажет?

Мақалада айтылған негізгі логика — Мәскеу Украинадағы ұзаққа созылған соғыстан назарды басқа жаққа бұрып, Батысты өзіне тиімді шарттарда келіссөзге тартқысы келеді. Бұл бірнеше мақсатты көздеуі мүмкін: Украинадағы соғыстың ұзаққа созылуынан шаршаған қоғамның назарын басқа бағытқа бұру. Тағы бір себеп – НАТО ішінде алауыздық тудырып, Киевке көмек пен қаржыландыруды қиындату. Жаңа «қатты» қадам жасап, Батысты келіссөз үстеліне мәжбүрлеу.

Мұндай әрекеттерге алғышарттар да дайындалады: «орыс тілділердің құқығы бұзылуда» деген ақпараттық желеулер, «нацизмді дәріптеу» айыптаулары — Украинадағы жағдай сияқты, Балтықта да «негіздеме» ретінде қолданылуы мүмкін.

Үш ықтимал соғыс сценарийі

1. «Барлығын бірден» соғысы (ең үлкен, бірақ ең аз мүмкін)
Ресей бір мезетте үш елге де толық көлемде шабуыл жасайды — құрлықта, әуеде және теңізден. Калининградтағы флот, десанттар және шекара бойындағы әскерлер қатысар еді. Бірақ бұл — ең қымбат әрі ең қиын көрінетін нұсқа. Мұндай операция ұзақ дайындықты қажет етеді, сондықтан НАТО мұны алдын ала байқап, жауап беруге үлгерер еді.

2. Шектеулі, «жылдам» операция (факт стратегиясы)
Бұл жағдайда Мәскеу аз ғана аумақты басып алып, Батысты «болған іс» алдында қалдыруы мүмкін. Мақсат — толық соғыс емес, қысқа мерзімді шок пен саяси сауда мүмкіндігі. Мысалы, шекара маңындағы ауданға басып кіріп, оны «қорғау мақсатында» ұстап тұру — классикалық қысқа операция үлгісі.

3. «Әлсіз буынға» соққы — Эстония бағыты
Эстония Ресеймен тікелей құрлықтық шекаралас және географиялық тұрғыдан ең осал. Ресей дәл осы бағытта әрекет ете отырып, бір мезетте Латвия мен Литва шекараларына қысым жасауы мүмкін. Мақсат — НАТО-ның жауап қайтаруын баяулату және аймақтағы теңіз қатынасын (мысалы, Фин шығанағын) бақылауға алу.

Сувалка дәлізі туралы

Польша мен Литва арасындағы Сувалка дәлізі — Калининградты Ресеймен жалғайтын тар жер. Теориялық тұрғыдан бұл аймақ арқылы шабуыл жасау ыңғайлы көрінеді. Бірақ дәл сол себепті ол ең қауіпті нүкте: Польша мен НАТО мұнда кез келген әрекетке дереу жауап қайтарады.

Балтық теңізі мен география ерекшелігі

Балтық теңізі — тар әрі аралдарға толы аймақ, үлкен теңіз соғысына қолайсыз.
Калининградтағы Ресейдің әскери базасы мен ракеталық жүйелері аймақтағы қозғалысты бақылауға мүмкіндік береді.

Алайда НАТО елдерінің авиация мен флот саласындағы артықшылығы айқын: әуе және радиоэлектрондық бақылау жүйелері Ресейдің кез келген маневрін анықтай алады.

Уақыт факторы — шешуші және ең әлсіз тұс

Кез келген соғысқа дайындық үшін уақыт керек. Әскер мен техника тасымалдау, логистика, оқ-дәрі, отын, госпитальдар — мұның бәрі бірнеше аптада көрініп қалады. Ресейдің басты мәселесі — осы дайындықты жасыру мүмкін еместігі.

Ал Балтық елдері, Польша, Финляндия және Швеция бұл «қауіпті кезеңді» барынша қысқартуға тырысып жатыр: қорғаныс бекіністері салынып, аумақтық әскер мен резерв дайындалуда.

Тіпті шағын қақтығыстың өзі ауыр зардап әкеледі: босқындар легі, инфрақұрылымның күйреуі, теңіздегі миналар мен сауда жолдарының үзілуі.

Bloomberg есептеуінше, Балтық елдері ауқымды соғыс жағдайында бірінші жылы ІЖӨ-нің шамамен 43%-ын жоғалтуы мүмкін. Ал жалпы Еуропа мен әлем экономикасына келетін шығын триллион доллармен өлшенеді.

Қауіп аз, бірақ нақты

Балтықтағы соғыс қазір мүмкіндігі төмен, бірақ толық жоққа шығаруға болмайтын сценарий. НАТО мен Еуропаның міндеті — кез келген тосын соққыны мүмкін емес ету: ерте ескерту жүйесін күшейту, шекараларды бекіту, эвакуация және жабдықтау жоспарын нақтылау. Ресей үшін мұндай соғыс аймақты жаулап алу емес, жаңа дағдарыс тудыру арқылы Батысқа қысым жасау амалы болуы мүмкін. Сондықтан Балтық мәселесі Еуропа қауіпсіздігінің басты бағыты болып қала береді.

Журналист Ардақ Құлтай

Похожие статьи

«Сәләфизм – біздің дәстүрлі діни жолға қарсы идеология» — Асқар Сабдинмен сұхбат
14.08.2025, автор Spik.kz.
Қазіргі қазақ әдебиеті заманауи ма және ол қандай құндылықтарды насихаттайды?
8.03.2025, автор Spik.kz.
Трамп, Зеленский және еуропалық жетекшілер кездесуі: Ақ үй қабырғасында не талқыланды?
20.08.2025, автор Spik.kz.
Ауғанстан мен Қазақстан: геосаяси мүдделер мен сауда серіктестігі
1.08.2025, автор Spik.kz.
Жастар және саясат: Қазақстанда Z буыны саясатқа қалай кіреді?
18.09.2025, автор Spik.kz.
SPIK.KZ » Выбор редакции » Балтық шебі: неге бұл аймақ туралы алаңдаушылық бар және соғыс сценарийлері қандай?