Аналитический портал

Илон Маск пен Еуроодақ арасындағы қақтығыс: цифрлық реттеудің жаңа шебі

Илон Маск пен Еуроодақ арасындағы қақтығыс: цифрлық реттеудің жаңа шебі

Автор Spik.kz

RU KZ EN
Илон Масктың Еуропа одағын таратуды талап етіп, ашық ақпараттық шабуылға шығуы — жай эмоция емес, технологиялық платформалар мен мемлекеттік реттеулер арасындағы ұзақтан келе жатқан қақтығыстың асқынған көрінісі. Бұл дау нақты неден басталды және нені білдіреді?

Айыппұл: ЕО–X текетіресінің басталуы

Қақтығыс Еурокомиссияның X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіне 120 млн еуро айыппұл салуымен басталды. Бұл – 2024 жылы қабылданған DSA (Digital Services Act), яғни Цифрлық қызметтер туралы заң талаптарының бұзылуына қатысты шара. Қазақстандық валютаға шаққанда шамамен 70 млрд теңге.

ЕО-ның X-ке таққан негізгі айыптары: дезинформацияны бақылау жеткіліксіз; экстремистік контентті жою талабы орындалмаған; контент модерациясы әлсіз; «Ең қауіпті платформалар» категориясына кірген X заң талаптарын орындамаған.

Бұл — Маск басқаратын платформаға қарсы ЕО-ның салған ең ірі айыппұлдарының бірі. Ал Reddit қолданушылары бұл соманы Масктың байлығымен салыстырып, былай деп мысқылдады:

«500 млрд доллар байлығы бар адам үшін бұл – небәрі 0,03%. Миллионерге 285 доллар айыппұл салғанмен тең. Таңғы ас ақшасы сияқты».

Масктың қайтарма соққысы: ЕО-ны таратуға шақыру

Айыппұлдан кейін Маск ештеңені жасырмай, Еуроодақты ашық сынап шықты. Өзінің X-тегі жазбасында ол: «ЕО таратылуы керек, ал елдерге егемендік қайтарылуға тиіс», – деп мәлімдеді.

Масктың түсінігінше, ЕО-ның басты мәселелері артық бюрократияға келіп тіреледі. Сондай-ақ, халықты емес, Брюссель шенеуніктерін тыңдайтын жүйе деп сыналады. Бұған қоса цифрлық платформаларды қыспаққа алу әрекеттері де жиі сыналып келеді. Масктың сөзінше, DSA — «сөз бостандығына қысым жасауға арналған механизм».

Маск ЕО-ның реттеу саясаттарын еркін пікір алмасуға төнген қауіп ретінде көрсетеді.

ЕО-ның жауабы: «Марсқа ұшып кет»

Масктың сөзі ЕО ішінде де, ұлттық деңгейде де қатты реакция тудырды. Ең қатты жауап берген — Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский. Ол Маскқа X желісінде былай деп жазды: «Марсқа ұшып кет. Ол жақта нацистік сәлемдесуге цензура жоқ».

Сикорский Маскты X-тағы модерацияны әлсіретіп, радикал контентті көбейтті деп айыптайды. Оның пікірінше, Масктың «сөз бостандығы» түсінігі шектен шығып, қауіпті идеологияларға жол ашып отыр. Бұл жауап дау деңгейін тіпті дипломатиялық реңкке жеткізді.

Масктың мемі: «Еуропа ≠ Еуроодақ»

Министрдің сынына жауап ретінде Маск жаңа тактика — интернет мемін қолданды. Ол Еуропаның өркениет ретіндегі бейнесі мен Евроодақтың бюрократиялық құрылымын салыстыратын мему жариялап:

«Еуропа – ЕО емес», – деген ойды алға тартты.

Бұл — оның ЕО-ға қарсы риторикасының әлсін-әлсін күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Маск ЕО-ны Еуропа халықтарының өкілі емес, бюрократиялық орталық деп сипаттап отыр.

Бұл қақтығыс нені білдіреді?

Тартыс жеке амбициядан гөрі әлдеқайда үлкен мәселені көрсетеді. Мәселен, ЕО – цифрлық кеңістікті қатты реттегісі келеді, ал Маск – платформалар еркіндігін барынша кеңейтуді қолдайды. Осылайша цифрлық қауіпсіздік пен сөз бостандығы арасындағы теңгерім күннен-күнге күрделеніп отыр.

Бір сөзбен айтқанда, DSA–X дауы — Еуроодақ пен әлемдегі ең ықпалды технологиялық кәсіпкерлердің арасындағы идеологиялық қақтығыстың жаңа кезеңі.

Журналист Ардақ Құлтай