Бір мәйіт үшін 700 қабір: Израиль операциясы нені көрсетті?

Автор Spik.kz
RU
KZ
EN
26 қаңтарда, Газа секторындағы соғыс басталғанына 843 күн толғанда, Израиль билігі 2023 жылғы 7 қазанда қаза тапқан израильдік полицей Ран Гвилидің мәйіті табылып, елге жеткізілгенін хабарлады. Ол «Хамас» пен оған жақын қарулы топтардың Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылы кезінде тұтқынға алынып, сол күні өлтірілген.
Израильдің ресми мәліметінше, Ран Гвилидің денесі Газа қаласының Шуджаия ауданындағы «Әл-Бадж» зиратынан табылған. Бұл аумақ «Исламдық жихад» ұйымымен байланыстырылады. Алайда мәйітті іздеу тәсілі халықаралық деңгейде үлкен дау туғызды.
Издестіру барысында Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 700-ден астам мәйітті жер астынан шығарып, тексергенін растады. Израиль билігі мұны тұтқын нақты қай жерде жерленгенін анықтау үшін қажет болған қадам деп түсіндіреді. Бірақ Газа секторындағы палестиналық тарап пен бірқатар халықаралық ұйымдар бұл әрекетті жаппай қабірлерді бүлдіру, діни және мәдени нысандарды қорлау деп бағалады.
Al Jazeera мәліметінше, «Әл-Бадж» зиратында ауыр әскери техника мен бульдозерлер қолданылған. Соның салдарынан ескі және жаңа қабірлер қирап, надгробиялар жойылып, зираттың рельефі толықтай өзгерген. Кей деректерде бүлінген немесе ашылған қабірлер саны 250-ге жуық екені айтылады.
Израиль армиясы іздестіру жұмыстары белсенді соғыс аймағында жүргізілгенін алға тартып, ауыр техниканың қолданылуын қауіпсіздік қажеттілігімен түсіндіреді. Дегенмен бұл уәж халықаралық гуманитарлық құқық тұрғысынан көптеген сұрақ тудырады. Қарулы қақтығыс жағдайында да қабірлер мен мәйіттерге құрмет көрсету — Женева конвенцияларында бекітілген талап.
Мәселенің моральдық жағы да назардан тыс қалмай отыр. Al Jazeera-ге сұхбат берген Газа тұрғыны Фатима Абдулла «Әл-Бадж» зиратында күйеуінің жерленгенін айтып, болған жағдайды адамдық қадір-қасиетті таптау деп бағалады. Оның айтуынша, мәйіттер шашылып, сүйектер мен қаптамалар ретсіз қалдырылған.
Израиль тарапы мәйітті табуға барлау деректері көмектескенін мәлімдеді. Атап айтқанда, бұрын ұсталған «Исламдық жихад» мүшесінің жауаптары іздеу аумағын нақтылауға мүмкіндік берген. Бұл дерек Израильдің мәйітті табуға палестиналық қарулы топтар көмектесті деген кей мәлімдемелерін жоққа шығарады.
Тағы бір даулы жайт — Ран Гвилидің денесі медициналық мекемелерде қолданылатын арнайы қаптамада табылғаны. Израиль билігі бұл қаптаманың «Аш-Шифа» ауруханасынан шыққанын айтып, аталған мекеме қарулы топтар тарапынан пайдаланылған деген бұрынғы айыптауларын қайта көтерді. Алайда бұл тұжырым халықаралық деңгейде әлі күнге дейін нақты дәлелденген факт ретінде мойындалған жоқ.
28 қаңтарда Израильде Ран Гвилимен қоштасу рәсімі өтті. Израиль қоғамы үшін бұл оқиға символдық мәнге ие болды: билік соңғы тұтқынның тағдыры анықталғанын айтып, «ешкімді ұмытпаймыз» деген уәдесінің орындалғанын жариялады. Осыған байланысты Тель-Авивтегі Тұтқындар алаңында тұтқындардың Газа секторында болған уақытын есептеп тұрған сағат тоқтатылды.
Алайда бұл символизм Газа секторындағы жағдайды өзгертпейді. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяу әскери операциялар жалғаса беретінін ашық айтты. Оның сөзінше, Израиль «әскери және дипломатиялық құралдарды қатар қолдану» саясатын тоқтатпайды.
Бұл жерде негізгі сұрақ туындайды: бір тұтқынның денесін қайтару үшін жүздеген қабірді қазу — әскери қажеттілік пе, әлде шектен шыққан күш қолдану ма? Израиль үшін бұл — өз азаматтарын соңына дейін қорғау саясатының көрінісі болуы мүмкін. Ал палестиналықтар үшін — тіпті өлілердің өзі соғыстан аман қалмағанының дәлелі.
Осы аяда қабірлерді жаппай қазу оқиғасы Израильдің әскери тактикасына қатысты сынның одан әрі күшеюіне себеп болып отыр.
Ардақ Құлтай, журналист