Мәскеуде генералдарға майданнан да қауіпті: Алексеевке жасалған шабуыл нені аңғартады?

Автор Spik.kz
RU
KZ
EN
Қастандық Ресей, АҚШ және Украина арасында Әбу-Дабиде келіссөздер жүріп жатқан сәтте орын алды. 64 жастағы генерал өз үйінің кіреберісінде арқасынан бірнеше рет атылып, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Үш оқ тиген. Дәрігерлер шұғыл ота жасап, оның өміріне тікелей қауіп жоқ екенін хабарлады.
Ресей билігінің мәліметінше, шабуылға қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталған. Ал қастандықтың тікелей орындаушысы ретінде Любомир Корба есімді ер адам аталады. Тергеу нұсқасына сай, ол шабуылдан кейін Ресейден шығып кетіп, кейін Дубайда ұсталған. Осы іске байланысты Ресей президенті Владимир Путин Біріккен Араб Әмірліктерінің басшысына жеке алғыс айтқан.
Бұл қастандықтың басты ерекшелігі — оның қалай жүзеге асқаны. Генерал қауіпсіз деп саналатын аумақта, өз үйінде атылған. Бұл шабуылдың алдын ала мұқият жоспарланғанын көрсетеді: орындаушылар генералдың мекенжайын, күн тәртібін және қауіпсіздік режимін білген. Қазіргі деректерге сүйенсек, орындаушы шетелде ұсталған, оның бір сыбайласы Мәскеуде қамауға алынған, ал тағы бір күдікті Украина аумағында болуы мүмкін.
Ресей тарапы бұл оқиғаны террористік акт деп бағалап, Украина арнайы қызметтерін айыптады. Киев бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды. Ал батыстық бірқатар басылымдар шабуылдың ішкі есеп айырысулармен немесе элиталар арасындағы қақтығыстармен байланысты болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Неге дәл Владимир Алексеев нысанаға алынды деген сұраққа оның қызмет жолы жауап береді.
Біріншіден, Алексеев — ГРУ жүйесіндегі екінші адам. Бұл құрылым Ресейдің арнайы операциялары, гибрид соғысы, прокси-күштерді пайдалану, жеке әскери компаниялармен жұмыс және құпия миссиялар үшін жауап береді. Яғни ол — соңғы он жылдан астам уақыт бойы Ресейдің бейресми соғыс механизмдерінің негізгі үйлестірушілерінің бірі.
Екіншіден, Владимир Алексеев ұзақ жылдар бойы ЧВК «Вагнердің» басты кураторы болды. Сирияда, Африкада және Украинада бұл құрылымның қалай қолданылғаны, қандай міндеттер атқарғаны — барлығы ГРУ желісі арқылы, соның ішінде Алексеевтің қатысуымен жүзеге асты.
Үшіншіден, 2023 жылғы Евгений Пригожиннің «Мәскеуге жорығы» кезінде дәл осы Алексеев Пригожинмен бетпе-бет отырып келіссөз жүргізген негізгі тұлғалардың бірі болды. Ол бүлік кезінде ең қауіпті нүктелерде тұрған генералдардың қатарында еді.
Төртіншіден, Пригожин қаза тапқаннан кейін Африкадағы «вагнерлік мұра» — жаңа «Африкалық корпус», жаңа ЧВК құрылымдары мен прокси-жобалар тағы да Алексеевтің бақылауына өтті.
Бесіншіден, Еуроодақ пен АҚШ оны бірқатар халықаралық операциялар үшін, соның ішінде «Новичок» ісі, кибершабуылдар және Украинаға қарсы әрекеттер үшін тікелей жауапты тұлғалардың бірі деп санап, санкция тізіміне енгізген.
Соңғы екі жылда Ресейде жоғары шенді әскери тұлғаларға қарсы шабуылдар жиілеп отыр. Мәскеу мен оның маңында генералдар Кириллов, Москалик, Сарваров қаза тапты. Енді бұл тізімге тірі қалғанымен, нысанаға алынған Алексеев қосылды. Бұл оқиғалар бірдей сценариймен өтпегенімен, ортақ бір белгісі бар: шабуылдардың бәрі жүйе үшін маңызды, жоғары деңгейдегі кадрларға бағытталған.
Осы тұрғыдан алғанда, Владимир Алексеевке жасалған қастандықты жеке бір эпизод ретінде емес, Ресейдің әскери-басқару жүйесіне қысым күшейгенінің белгісі ретінде қарастыруға болады. Бұл қысым сырттан келе ме, әлде жүйенің ішінен туындап отыр ма — бұл сұраққа нақты жауап әзірге жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: Мәскеу енді Ресей генералы үшін қауіпсіз аймақ болып саналмайды.
Ардақ Құлтай, журналист