Қырғызстанда саяси дәуір ауысты ма? Тәшиевтің тосын отставкасы нені білдіреді

Автор Spik.kz
RU
KZ
EN
Соңғы бес жылда Қырғызстанда формалды түрде бір президент болғанымен, саяси шындық басқаша еді. 2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін билікке келген Садыр Жапаров пен Камчыбек Тәшиев елді тандем ретінде басқарды. Бірі — мемлекет басшысы, екіншісі — ең ықпалды күштік құрылымның жетекшісі. Бірақ іс жүзінде олардың салмағы шамалас болатын.
Бұл тандем Қырғызстанға тән аймақтық бәсекені уақытша бейтараптандырды. Ел дәстүрлі түрде солтүстік пен оңтүстік болып бөлінеді. Тарихи, ру-тайпалық және саяси жіктелу осы географиямен астасып кеткен. 2005, 2010 және 2020 жылдардағы төңкерістер де осы ішкі тартыстың көрінісі еді. Әдетте билік бір аймақтан шыққан саясаткердің қолына өтсе, уақыт өте екінші аймақтың өкілі оны ығыстыратын.
Жапаров пен Тәшиев осы циклді бұзғандай көрінді. Олар билікті орталықтандырып, парламент ықпалын әлсіретті, күштік құрылымдарды күшейтті. Оппозиция мен тәуелсіз медианың мүмкіндігі тарылды. Қылмыстық топтарға қарсы қатаң науқандар жүргізілді. Тұрақтылық орнату үшін қатаң вертикаль қалыптасты.
Алайда бұл модельдің ішкі қайшылығы да болды. Тәшиев басқарған ҰҚК соңғы жылдары айрықша күшейді. Комитет тек қауіпсіздік мәселелерімен ғана емес, экономикалық және саяси процестерге де белсенді араласа бастады. Тәшиевтің өзі де жабық кабинеттен гөрі, көпшілік алдында жиі көрінетін, мәлімдемелері өткір, популистік элементтері бар саясаткерге айналды. Ол шенеуніктерді ашық сынап, рейдтерге қатысып, қоғам назарын жиі өзіне аударды.
2027 жылғы президент сайлауы жақындаған сайын, «келесі кандидат кім?» деген сұрақ күшейді. Ресми түрде Жапаровтың қайта түсетіні немесе түспейтіні нақты айтылмады. Бейресми ортада Тәшиевтің ықтимал кандидатурасы туралы әңгіме жиіледі. Мұның барлығы билік ішіндегі тепе-теңдікке әсер етпеуі мүмкін емес еді.
10 ақпандағы шешім осы күмәннің бәріне нүкте қойғандай болды. Тәшиев пен оның үш орынбасары бір мезетте қызметтен босатылды. Бұл — елдегі ең ықпалды күштік органның басшылығы толық ауысты деген сөз. Сонымен қатар Мемлекеттік күзет қызметі ҰҚК құрамынан бөлініп, жеке құрылымға айналды. Яғни комитеттің институционалдық салмағы да қайта қаралды.
Президент Жапаров шешімді «қоғамда және мемлекеттік құрылымдар арасында жік туғызбау» қажеттілігімен түсіндірді. «Мемлекеттік құрылымдар арасындағы жік» деген тіркес Қырғызстан жағдайында ерекше мәнге ие. Себебі ел тарихында күштік құрылымдардың саяси процестерге ықпалы бірнеше рет шешуші рөл атқарған.
Тәшиевтің өзі қызметтен алынғанын Германияда ем қабылдап жүргенде білгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім өзі үшін күтпеген жағдай болған. Отставканың дәл сол сәтте жасалуы да назар аудартады. Егер ҰҚК басшысы ел ішінде болғанда, процесс басқаша өрбуі мүмкін бе еді — бұл енді сарапшылардың талқылауындағы сұрақ.
Қазіргі жағдайда Тәшиев үшін басты мәселе — лоялдылық таныту. Ол Қырғызстан саясатында терең тәжірибесі бар, ықпал желісі кең тұлға. Қоғам алдындағы беделі де аз емес. Сондықтан оның саяси сахнаға қайта оралуы 2027 жылғы сайлау қарсаңында маңызды факторға айналуы ықтимал.
Бұған қоса, елде құқықтық коллизия да бар. Жапаров 2021 жылы 6 жылға сайланғанымен, сол жылы қабылданған жаңа Конституцияда президенттік мерзім бес жыл болып бекітілді. Бұл 2027 жылғы сайлаудың нақты форматы мен мерзімі жөнінде сұрақ туындатады. Теориялық тұрғыдан мерзімінен бұрын сайлау өткізу нұсқасы да қарастырылуы мүмкін.
Бір нәрсе анық: Қырғызстанда «дуумвират» кезеңі аяқталғандай. Билік вертикалі енді бір орталыққа шоғырланып отыр. Парламенттің ықпалы бұрынғыдай күшті емес, партиялық жүйе әлсіреген. Мұндай жағдайда президенттің позициясы күшейе түседі.
Алайда Қырғызстан — Орталық Азиядағы ең саяси белсенді қоғамдардың бірі. Мұнда элиталық тепе-теңдік бұзылған сәтте, процестер күтпеген бағытқа өзгеруі ғажап емес.
Тәшиевтің отставкасы — кадрлық ротация ғана емес, ықпал балансын қайта бөлу. Ендігі сұрақ — бұл өзгеріс тұрақтылықты бекіте ме, әлде жаңа саяси бәсекенің алғышартына айнала ма? Жауап алдағы екі жылда айқындала түспек.
Журналист Ардақ Құлтай